Қазақстан ғылымы

Қазақ ғалымдары «жасыл сутегі» өндіретін станция жасап, іске қосты

11.12.2025

42

Қазақстан ғалымдары өздерінің патенттері мен инженерлік әзірлемелеріне негізделген «жасыл сутегі» өндіретін алғашқы кешенді станцияны жасап, іске қосты. Толық циклді пилоттық қондырғы тек күн панельдері мен жел генераторларынан қуат алады. Жүйенің өзегін Nazarbayev University жанындағы National Laboratory Astana-ның жаңартылатын энергия көздері зертханасы әзірлеген инновациялық катализаторлар мен бірегей инженерлік шешімдер құрайды.

Жоба Қытайдың Zhejiang H2-Bank Technology Co., Ltd. өнеркәсіптік серіктестігімен бірлесіп іске асырылды. Компания қазақстандық ғалымдардың патенттелген электрод материалдарының бірі иридий оксидіне негізделген жоғары тиімді анод катализаторы бойынша коммерциялық жүйені жинауға көмектесті. Мұндай қаптамасы бар мембрана электролиз кезінде суды тиімді бөлуге мүмкіндік береді және қондырғының өнімділігін арттырады.

Платформа «жасыл сутегін» алудың толық тізбегін көрсетеді: күн мен жел энергиясы электрге айналып, ол су электролизіне жұмсалады. Алынған сутегі энергия тасымалдаушы ретінде сақталып, кейін жанармай элементтерінде, көлікте, автономды генераторларда, тыңайтқыш өндірісінде, металлургияда немесе мұнай-газ секторында қолдануға болады. Әзірше өндірілген сутегі зертханалық мақсатта пайдаланылады: қондырғы үш сағат ішінде көлемі 6 текше метр баллонды толтыра алады.

«Бұл – Қазақстандағы сутегі технологияларын тәжірибелік деңгейге шығаратын маңызды қадам. Фотокатализатор ұнтақтары мен зертханалық үлгілерден басталған жұмыс ашық алаңда жұмыс істейтін өнеркәсіптік жүйеге айналды», – деді лабораторияны басқаратын NU профессоры Нұршат Нұражы.

Жұмыстың бастапқы кезеңінде команда күн энергиясын тиімді пайдаланатын жүйелердің негізгі бөлігі саналатын фотокатализаторларды әзірлеуге және суды фотокаталитикалық бөлу тетіктерін зерттеуге ден қойды. Бағдарламаның соңғы кезеңінде зерттеушілер зертханалық тәжірибелерден нақты өндірісте қолдануға лайық жұмыс істейтін прототиптер жасауға стратегиялық түрде көше алды.

Ғалымдар фотоактивті материалдарды, катализаторларды және жүйе архитектурасын одан әрі жетілдіруді жалғастырмақ. Олардың айтуынша, қазіргі қондырғы ел аумағында кеңінен қолдануға болатын жүйенің шағын үлгісі ғана. Мұндай технологиялар Қазақстанға таза ауа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз орта және жаңа жоғары технологиялы жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1122477?lang=kk&fbclid=IwY2xjawOnUiFleHRuA2FlbQIxMABicmlkETFXWmdwSlk3a2xHSllYdFdJc3J0YwZhcHBfaWQQMjIyMDM5MTc4ODIwMDg5MgABHnXbinKaKDfM7am086VSHc_25A4utXLrBxIr2GXUlM2TROQXpeSYU-UCPZje_aem_zsfD_zt1BogS7vh05dc9Lw
Фото: Gov.kz
«« | »»
Соңғы жаңалықтар