Қазақстан ғылымы

Титан негізінде отандық тіс импланты жасалды

10.12.2025

22

Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ортопедиялық стоматология кафедрасының докторанты Мәди Тлешев жергілікті шикізат — титан негізінде жаңа буын тіс имплантын жасап шығарды. Оның өзіндік құны көптеген адамдардың қалтасы көтере бермейтін импорттық баламалардан ондаған есе арзан.

Ғалым бірнеше жылын арнаған жобасын Алматыда, Ұлттық госпитальде өткен Sovmin forum 2025 жас ғалымдар форумында таныстырды. Нәтижесінде Мәди бірінші орын иеленіп, әрі қарайғы зерттеулерге арналған ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Қазылар алқасы оның жоғары дәлелдемелік базасын және практикалық маңыздылығын атап өтті. Жақын арада отандық импланттар медицинада қолданылмақ. 

«Бәрі бір сұрақтан басталды: әлемдік титан нарығының шамамен 10–11 пайызын қамтамасыз етіп отырған ел неге әлі күнге дейін өз тіс импланттарын өндірмейді? Қазақстанда титан-цирконий кендерінің алты ірі кен орны зерттелген. Өндірілген шикізаттан титан құймалары мен қорытпалары алынып, экспортқа шығарылады: олар аэроғарыш саласында, кеме жасауда, медицинада және мұнай-химияда кең қолданылады. Ал бізге титан Кореядан, Германиядан, АҚШ-тан және басқа елдерден өте қажет, бірақ өте қымбат стоматологиялық импланттар түрінде қайта оралады. Жеткізушілерде бір импланттың бағасы 50-ден 150 мың теңгеге дейін тұрады, ал пациенттер үшін дәрігердің жұмысы мен қосымша материалдарды ескергенде баға одан да жоғары. Имплант өндіру технологиясы көптеген елдерде толық меңгерілген және аса күрделі санатқа жатпайды. Негізінде, тіс импланты — жасанды тіс түбірінің қызметін атқаратын шағын титан бұрандасы. Мұндай импланттардағы титанның мөлшері, қорытпаға қарай, әдетте 85–99 пайызды құрайды, ал негізгі рөлді оның бет құрылымы мен өңдеу технологиясы атқарады», – дейді ғалым. 

Ғалым титан диоксиді мен күміс бөлшектерінен жасалған имплант өндіру технологиясын жасап, патенттеген, ең маңыздысы қорғаныс қабатын әлдеқайда қалың, 500 нанометрге дейін еткен. Бұл қабат имплантты коррозиядан қорғайды, ал күміс антибактериялық әсер береді. Сынақтар зертханалық жағдайда егеуқұйрықтарға жүргізілді. Ауыз қуысының орнына үлгі ретінде сан сүйегі аймағы пайдаланылып, сол жерге бөгде материал енгізілді. Ғалымның айтуынша, сауығу асқынусыз өткен. 

«Кейбір жағдайларда біздің импланттар сүйекпен айқынырақ интеграцияны көрсетті. Кейін біз егеуқұйрықтардың ішкі мүшелерін зерттеп, тіндердің гистологиялық анализін жүргіздік. Патологиялық өзгерістер анықталған жоқ. Алдын ала қорытынды бойынша қолданылған технология импланттардың биоқабылдағыштығы мен интеграциясы жағынан жақсы нәтижелер көрсеткенін айтуға болады», – дейді Тлешев.

Ғалымның сөзінше, егер импланттардың өзіндік құнын бірнеше есе төмендетсе, олар дәстүрлі тіс протездеріне қарағанда әлдеқайда ыңғайлы әрі практикалық болғандықтан, стоматологиялық көмек халық үшін, әсіресе ауылдық жерлерде қолжетімдірек болады

«Қазақстанда стоматологияда қолданылатын материалдардың және жабдықтардың көбі импорттық болып табылады, олардың құны үнемі өсіп отырады. Өкінішке орай, сала қаншалықты дамығанымен, периферия мен ірі қалалар тұрғындары арасындағы белгілі бір теңсіздік сақталып отыр. Мен бірнеше рет байқадым: ірі қалаларға неғұрлым жақын жерлерде тұрғындардың тістері әдетте жақсырақ, себебі оларға стоматологиялық қызметтердің кең таңдауы қолжетімді, сондай-ақ сол жерлердегі табыс деңгейі әдетте жоғарырақ», – дейді ол. 

Дереккөз: https://news.kaznmu.edu.kz/%d0%ba%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d1%85%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd%d1%81%d0%ba%d0%b8%d0%b9-%d1%83%d1%87%d0%b5%d0%bd%d1%8b%d0%b9-%d0%bf%d1%80%d0%b8%d0%b4%d1%83%d0%bc%d0%b0%d0%bb-%d0%b8%d0%bc%d0%bf%d0%bb%d0%b0/
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар