Әлемдегі ғылым

Қытай ғалымдары ауадан ауызсу алуды үйренді

02.12.2025

44

Шанхайлық ғалымдар атмосфералық суды өндірудің кешенді шешімін таныстырды. Ол әлемді экологиялық таза әрі қолжетімді ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жаңашылдық су тапшылығы бар елдер мен өңірлер үшін ерекше тиімді.

Шанхай көлік университетінің озық зерттеулеріне сүйене отырып әзірленген бұл шешімдер үш негізгі технологиялық бағытты ұсынады: конденсация, адсорбция және адсорбция мен абсорбцияны біріктіретін жылу сорғысы. Олар әртүрлі климаттық жағдайларда — жоғары температура мен ылғалдылықта, төмен температура мен ылғалдылықта, сондай-ақ жоғары температура мен төмен ылғалдылық кезінде су тапшылығын шешуге бейімделген.

Зерттеу тобының айтуынша, бұл Қытайдың атмосфералық суды алу саласындағы көш соңындағы елден көшбасшы елге айналуындағы маңызды кезең. Бұл процесс атмосферадағы суды конденсациялау арқылы таза су алу технологиясын білдіреді және орталықтандырылмаған, жаңартылатын тұщы су көзі ретінде қызмет ете алады. Әсіресе жер асты суы аз немесе орталық су жүйесі тұрақсыз аймақтар үшін өте тиімді.

QYResearch консалтингтік компаниясының есебіне сәйкес, 2031 жылға қарай жаһандық атмосфералық су жинау құрылғылары нарығы 420 млн долларға жетіп, алдағы жылдары жылдық өсім 4,8 пайыз болады деп болжанып отыр. 

Инновацияны университеттің Машина жасау мектебінің "энергия–су–ауа" (ITEWA) пәнаралық инновациялық командасының серпінді әзірлемелері негізінде құрылған Шанхайдағы AtmosWell технологиялық компаниясы таныстырды.

Сала сарапшыларының айтуынша, атмосфералық суды алу технологиясындағы басты қиындық – күрделі және құбылмалы климаттық жағдайларға бейімделу. ITEWA тобының тәжірибесін пайдалана отырып, AtmosWell материалдардан бастап жүйелерге дейінгі техникалық кедергілерді еңсеріп, әртүрлі жағдайларға арналған сараланған шешімдер ұсына алды.

Жаңалықтардың қатарында күн энергиясымен жұмыс істейтін, электр желісіне қосылмайтын ауызсу станциясы бар. Ол ешқандай инфрақұрылымсыз-ақ жұмысын бастай алады. Кішкентай аялдамаға ұқсас бұл құрылғы 15-40 °C температура аралығында және 35-99 пайыз ылғалдылықта тәулігіне 50 литрге дейін ауызсу өндіре алады.

«Өнім желісіне тәулігіне 1600 литр су өндіре алатын, сыртқы ортада қолдануға арналған ауқымды инженерлік деңгейдегі су платформасы да кіреді. Ол аралдық қонақүйлерді, шағын қауымдастықтарды немесе төтенше жағдайдағы құтқару жұмыстарын тұрақты сумен қамтамасыз ете алады», – деді ITEWA тобының жетекші ғылыми қызметкері Ван Жужу. Оның айтуынша, ассортиментте кеңсе мен үйге арналған, оңай қосылып, күнделікті тұтынуға жарайтын су диспенсерлері де бар.

Сарапшылардың пікірінше, бұл инновация экология үшін де маңызды пайда әкеледі, өйткені әлемде жыл сайын шамамен 600 миллиард пластик су құтысы өндіріледі, ал пластмассаның тек 9 пайызы ғана қайта өңделеді.

Дереккөз: https://www.chinadaily.com.cn/a/202512/01/WS692ce9fca310d6866eb2c315.html
Фото ChatGPT көмегімен жасалды

«« | »»
Соңғы жаңалықтар