Қазақстан ғылымы

Ғалымдар алғаш рет психикалық ауруды тікелей тудыруы мүмкін генді анықтады

27.11.2025

25

Генетика саласындағы жаңалық GRIN2A геніндегі мутациялар психикалық ауруларды тікелей тудыруы мүмкін екенін көрсетіп отыр. 

Көп жыл бойы ғалымдар шизофрения, үрей бұзылыстары немесе депрессия сияқты жағдайлар тұқым қуалаушылықты қоса алғанда, көптеген факторлардың ықпалы арқылы дамиды деп есептеп келді. Алайда Лейпциг университетінің Медициналық орталығына қарасты Адам генетикасы институты жетекшілік еткен жаңа халықаралық зерттеу алғаш рет бір ғана гендегі өзгеріс психикалық бұзылысты тікелей тудыруы мүмкін екенін көрсетті. Зерттеу нәтижелері жақында Molecular Psychiatry журналында жарияланды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2021 жылы әлімдегі шамамен әр жетінші адам қандай да бір психикалық аурумен өмір сүрген, олардың ішінде ең жиі кездесетіндері — үрей бұзылыстары мен депрессия. Әдетте мұндай бұзылыстардың пайда болуы күрделі себептердің жиынтығымен байланысты, олардың ішінде генетикалық факторлар маңызды рөл атқарады.

Жақын туысының психикалық ауруы бар болуы — белгілі ең күшті қауіп факторларының бірі болып саналады. Бұған дейінгі зерттеулер, әдетте, психикалық бұзылыстар көптеген генетикалық факторлардың өзара әрекеттесуінен ғана дамиды деп болжаған.

«Біздің қазіргі зерттеу нәтижелеріміз GRIN2A гені өздігінен психикалық ауру тудыруы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл оны бүгінге дейін болжанған полигендік себептерден ерекшелейді», — дейді зерттеудің бас авторы, Лейпциг университетінің Медициналық орталығы Адам генетикасы институтының директоры профессор Йоханнес Лемке.

Зерттеу тобы GRIN2A генінде өзгеріс бар 121 адамның деректерін зерттеді. «Біз осы геннің кейбір варианттарының тек шизофрениямен ғана емес, басқа психикалық аурулармен де байланысты екенін көрсете алдық. Ең таңқаларлығы, GRIN2A өзгерісі бар адамдарда бұл бұзылыстар балалар немесе жасөспірім кезінен-ақ байқалады — ал әдетте мұндай аурулар ересектерде көрінеді», — дейді профессор Лемке. 

Зерттеушілер сондай-ақ кейбір адамдарда тек психиатриялық симптомдар ғана байқалғанын атап өтті, ал GRIN2A өзгерістері әдетте эпилепсия немесе интеллектуалды даму ерекшеліктерімен ассоцияланады.

Дереккөз: https://scitechdaily.com/scientists-identify-first-ever-single-gene-that-can-directly-cause-mental-illness/
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар