Қазақстан ғылымы

БҚО жас ғалымдары түйе сүтінен йогурт пен балмұздақ жасап жатыр

25.11.2025

12

Жәңгір Хан атындағы БҚАТУ жас ғалымдары түйе сүтінен табиғи йогурт пен балмұздақ жасап жатыр. Олар жаңадан ашылған зертханада шикізат сапасын өздері тексеріп, ашытқыны бақылап, қоспасыз әрі консервантсыз өнім әзірлеп жүр. Оған патент те алған. Енді өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. 

Жаңа зертханада нағыз өндірістегідей жағдай жасалған. Залалсыздандырылған бөлме, тоңазытқыш камералар мен заманауи құрылғының бәрі бар. Мұндағы үдерісті магистрант Сәнді Ғилман қадағалайды. Ол құрамында пробиотигі мол ерекше ашытқыны әзірлеуге қатысқан. Айтуынша, мұндай микроорганизмдер өнімнің құндылығын және қауіпсіздігін арттырады. Йогурт термостат әдісімен дайындалады. «Грек йогуртына» ұқсас болғанымен, мұның ерекшелігі, құрамында түйе сүтіндегі табиғи май сақталған. 

“Біз йогурттың тұтқырлығын анықтап жатырмыз. Яғни екі сағат сайын мұның тұтқырлығы өзгеріп отырады. Йогурт тұрған сайын қоюлана береді. Титруемая кислотность 75-тен бастағанда йогурт дайын деген сөз. Онда біз термостаттан алып, холодильникке салып тастаймыз”, – дейді Сәнді Ғилман.

Балмұздақты жасауға шикізатты жергілікті фермерлер жеткізеді. Кейін ол зертханада мұқият тексеріледі. Содан соң заманауи қондырғы арқылы студенттер өз рецептімен балмұздақ дайындайды. Бұл өнім де патенттелген. Сарапшылар жаңа өнімнің құрамында дәруменнің көп, ал қанттың аз екенін айтады. 

“Түйе сүтінің қасиеті ерекше. Ондағы ақуыз бен майдың мөлшері жоғары. Біз оны тағы да ақуызбен байытып, балмұздақ әзірлеудің жаңа технологиясын жасап шықтық. Бұл – балалар үшін де өте пайдалы”, – дейді «Азық-түлік қауіпсіздігі» ғылыми зертханасының жетекшісі Аян Оразов.

Жаңа өнімді жақында дүкен сөрелеріне қою жоспарланып отыр. Қазір олар технологияны жетілдіріп, шикізат базасын кеңейтуде. Өңірде түйе бағатындар аз. Дегенмен жас ғалымдар болашақта жергілікті өндірушілермен бірлесіп, жобаны жандандыруды көздейді.

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bylu-manyzdy/740367-bko-da-studentter-tuje-sutinen-jogurt-pen-balmuzdak-azirlep-zur
Фото Chat GPT арқылы жасалды
«« | »»
Соңғы жаңалықтар