Қазақстан ғылымы

Қабынуға қарсы гель жасау технологиясы әзірленді

28.10.2025

17

С.Асфендияров университетінің ғалымдары экстракциялаудың заманауи әдістерін қолданып, Portulaca oleracea спиртті экстрактының негізінде анальгетикалық және қабынуға қарсы әсері бар гель әзірлеудің оңтайлы технологиясын жасады.

Зерттеу барысында Portulaca oleracea өсімдігінің ультрадыбыстық этанолды экстрактінде биологиялық белсенді заттардың көп мөлшері бар екені және қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын әсері бар екені анықталды. Сондықтан қазіргі заманғы фармацияның өзекті бағыты – осы өсімдіктен жоғары қауіпсіздік деңгейі мен кең терапевтік әсері бар, микробтарға, саңырауқұлақтарға және қабынуға қарсы дәрілік препараттар әзірлеу болып отыр.

Portulaca oleracea L. өсімдігінің ультрадыбыстық этанолды сығындысы негізінде жергілікті қолдануға арналған гельдің құрамы мен технологиясын әзірлеу бойынша зерттеу нәтижесінде шартты атауы «PortoGel» деп аталатын гель алынды. Гельді алу бойынша ұтымды технология әзірленіп, оның сыртқы түрі, біртектілігі, иісі, пластиктілігі, тұтқырлығы және pH сияқты көрсеткіштері зерттелді. Құрылым түзуші ретінде Sapineo Derm (гидроксиэтилакрилат/акрилоилдиметилтаурат натрий тұзы) таңдалды. Натрий альгинаты қоюландырғыш және тұрақтандырғыш ретінде қолданылды. Ал антимикробтық консерванттар ретінде бор қышқылы мен 0,1% шай ағашының майлы сығындысы пайдаланылды.

Гельдің терапевтік тиімділігін анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізу қажет. Белгілі бір реологиялық қасиеттері бар гельдің негізі косметикалық және фармацевтикалық мақсаттарда сығындыларды енгізу үшін матрица ретінде әрі қарай қолдануға болады.

Ғылыми жоба: AP14971256 Бақша жұлдызышөбі (Portulaca oleracea L.) өсімдігінен алынған анальгетикалық және қабынуға қарсы әсері бар гельдің фармацевтикалық әзірлемесі
Жоба жетекшісі: М.И.Тлеубаева, PhD, постдокторант
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар