Әлемдегі ғылым

Нобель 2025: химия саласындағы марапатты иеленген ғалымдар белгілі болды

08.10.2025

26

Химия саласындағы 2025 жылғы Нобель сыйлығын Киото университетінің профессоры, координациялық химия саласында жұмыс істейтін жапон ғалымы Сусуму Китагава, Мельбурн университетінің ғалымы, аустралиялық химик Ричард Робсон және Калифорния университетінің (Беркли) профессоры, америкалық (тегі иорданиялық) химик Омар Яги иеленді. Олар «металлоорганикалық қаңқалық құрылымдарды әзірлеу» бойынша еңбектері үшін марапатталды.

«2025 жылғы химия саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары газдар мен басқа да химиялық заттар өте алатын кеңістігі бар молекулалық құрылымдар жасады. Бұл құрылымдар — металлоорганикалық қаңқалар — шөлдегі ауадан су жинауға, көмірқышқыл газын ұстауға, улы газдарды сақтауға немесе химиялық реакцияларды катализдеуге қолданылуы мүмкін», – деп жазылған Нобель сыйлығының ресми сайтындағы баспасөз хабарламасында.

Ричард Робсон 1989 жылдан бері осы салада зерттеу жүргізіп, ішінде сансыз қуыстары бар, реттелген көлемді кристалдарға ұқсайтын алғашқы молекулалық құрылымдарды жасаған. Ал Сусуму Китагава мен Омар Яги мұндай құрылымдардың тұрақтылығын және икемділігін қамтамасыз ете алды.

«Металлоорганикалық қаңқалар орасан зор әлеуетке ие, олар жаңа функциялары бар бірегей материалдарды жасау үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашады», — деп атап өтті Химия саласы бойынша Нобель комитетінің төрағасы Хайнер Линке.

Дереккөз: https://www.dw.com/ru/nobelevskuu-premiu-po-himii-polucili-tri-specialista-v-metalloorganiceskoj-himii/a-74274749
Фото: Shutterstock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар