Сәтбаев университетінің ғалымдар тобы Алматы қаласында өткен «Combustion and Plasma Chemistry. Physics and Chemistry of Carbon and Nanoenergetic Materials» XVI Халықаралық симпозиумда баяндама жасады. Топ мүшесі Алмагүл Керімқұлова симпозиумда «Модельдік сулардың құрамындағы микропластикті жою жөніндегі технологиялық шешімдер» тақырыбында постер-баяндамасын ұсынды. Бұл жұмыс симпозиумға қатысқан физика, химия және материалтану салаларындағы жетекші мамандар арасында үлкен қызығушылық тудырды.
«Микропластиктің адам денсаулығына әсерін модельдеу және су жүйелерінің сапасын жақсарту мақсатында ағынды суларды тазарту әдістерін әзірлеу» жобасына қатысушылар «Инженерлік жүйелер және желілер» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Күләш Алимованың жетекшілігімен осы экологиялық мәселе бойынша жұмыс істеуде. Олар XXI ғасырдың жаңа ластаушысы – микропластиктің ұсақ бөлшектерімен күресуге арналған шешімдерді іздеуде. Бұл ұсақ бөлшектер су қоймаларында, топырақта және тірі ағзаларда жиналып, әртүрлі аурулар тудырады, сөйтіп экожүйелер мен қоректік тізбектердің бұзылуына себеп болуда.
Симпозиум аясында ғалымдар тобы судан ең жиі кездесетін пластик түрлерін (PET, PP, PE) жою жөніндегі алғашқы тәжірибе нәтижелерін ұсынды. Әртүрлі құрылымдағы сорбенттер (цеолит, иониттер, синтезделген көміртекті сорбциялық материал) зерттелді. Тәжірибе таңдап алынған сорбенттердің жоғары тиімділігін көрсетті: микропластик бөлшектерінің құрамдық деңгейі 82,7%-дан 97,8%-ға дейін жеткен.
Зерттеу нәтижелері Қазақстанда ағынды сулар сапасын жақсы түсінуге және оның құрамындағы микропластик мөлшерін ескере отырып, су тазарту жүйесін тиімді басқаруға бағытталған ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді. Сәтбаев университетінің ғалымдары әзірлеп жатқан ағынды суларды тазарту технологиялары судың құрамындағы микропластик концентрациясын төмендетуге, сол арқылы су ресурстары мен адамның тіршілік ортасының сапасын арттыруға ықпал ететін болады.
Ғылыми жұмыс 2025–2027 жылдарға арналған ГФ ИРН AP26104611 жобасы аясында жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: https://satbayev.university/kk/news/satbaev-universitetinin-galymdary-agyndy-sulardyn-kuramyndagy-mikroplastikti-zhoyu-zhonindegi-algashky-zertteu-natizhelerin-usyndy
Фото: Istock