Қазақстан ғылымы

Қазақ ғалымдары REBOA технологиясын қолдануға қатысты зерттеу нәтижелерін ұсынды

07.10.2025

14

Акушерлік және гинекология саласында жұмыс істейтін Қазақстан мамандары Кейптаун қаласында (Оңтүстік Африка Республикасы) өтіп жатқан XXV Дүниежүзілік FIGO (Гинекология және акушерлік бойынша халықаралық федерация) конгресіне қатысты. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы, профессор Бапаева Гаури, Назарбаев Университеті Медицина мектебінің профессоры Милан Терзич және резидент-дәрігер Н. Қадролдинова Плацентаның жатыр қабырғасына тығыз бекінуі мен тамырланып өсуі нәтижесінде қан кету жағдайларында қолданылатын REBOA (аортаға баллон арқылы реанимациялық эндоваскулярлық окклюзия жасау) технологиясын қолдануға қатысты зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Қазақстандық команда REBOA технологиясын қолдану арқылы қан жоғалтуды 31,6%-ға дейін азайтып, операция кезінде қан құю көлемін орта есеппен 1700 мл-ге қысқартуға және науқастардың 70,4%-ында репродуктивтік функцияны сақтауға болатынын көрсетті. Бұл технологияны енгізу ағзаны сақтап қалу мақсатындағы операцияларды жүргізуге және ауыр акушерлік қан кетулерге байланысты асқынулардың қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

FIGO Дүниежүзілік конгресі - репродуктивті денсаулық саласындағы ең ауқымды халықаралық іс-шаралардың бірі, ол дәрігерлерді, ғалымдарды, акушерлерді және өзге де сала мамандарын біріктіреді. Биылғы конгрестің басты тақырыбы - босанғаннан кейінгі қан кетулерге қарсы күрес болды. Бұл - ана өлімінің әлемдегі жетекші себептерінің бірі. FIGO ұйымының президенті, профессор Анн-Беатрис Кихара қазіргі уақытқа дейінгі жетістіктерге қарамастан, ана өлім-жітім көрсеткіші әлі де жоғары екенін, яғни 100 000 тірі туған нәрестеге шаққанда 223 жағдай тіркелетінін атап өтті. Конгресс аясында 5 қазан күнін босанғаннан кейінгі қан кетулерге қарсы күрестің Дүниежүзілік күні (World Postpartum Hemorrhage Day) ретінде бекіту туралы ұсыныс айтылды.

Форумның ғылыми бағдарламасы ана мен нәресте денсаулығынан бастап, жыныстық және репродуктивтік денсаулық пен құқықтар, сондай-ақ онкогинекология саласына дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтыды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1081743
Фото: Bmjopen.bmj.com
«« | »»
Соңғы жаңалықтар