Жапонияда зерттеушілер тобы адамдарда жаңа тістердің өсуіне ықпал ете алатын дәріні клиникалық сынақтан өткізуді бастады. Ғалымдар анықтағандай, бұл препарат тістердің табиғи өсуін тежейтін USAG-1 геніне әсер етеді.
Аталған зерттеу адамдардағы әдетте дамымайтын үшінші тіс жиынтығының бастамасы бар екені туралы жаңалыққа негізделген. Мұндай жаңалықты халықтың шамамен 1%-ында кездесетін гипердонтия құбылысы дәлелдейді — бұл кезде әдеттегіден артық тістер өседі.
Жапон ғалымдарының жұмысы 2021 жылы тышқандарға жасалған тәжірибелерден басталды. Оның нәтижелері Scientific Reports журналында жарияланды. Зерттеушілер USAG-1 гені синтездейтін ақуызды бөгейтін антиденелер әзірледі, соның арқасында кеміргіштердің қосымша тістері өскені байқалған.
Жаңа препарат әсіресе анодонтияны емдеуде тиімді болып отыр — бұл генетикалық ауру кезінде адамның барлық тісі қалыптаспайды, ол шамамен халықтың 1%-ында кездеседі. Regenerative Therapy журналында 2023 жылы жарияланған мақалаға сәйкес, жаңа әдіс «адамдардағы тіс аномалияларын емдеудегі серпіліс» болуы мүмкін.
Осакадағы Китано ауруханасының Медициналық зерттеу институтында стоматология және жақ-бет хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Такахаси бұл технологиямен аспирантура кезінен бастап айналысып келеді. Оның айтуынша, клиникалық сынақтар сәтті аяқталса, препарат 2030 жылға қарай кең қолданысқа шығуы ықтимал.
Жаңа технология дәстүрлі протездеу мен имплантация әдістеріне балама ұсынып, жоқ тістерді табиғи жолмен қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Дереккөз: https://www.ixbt.com/live/science/uchenye-nashli-sposob-vyrastit-novye-zuby-u-vzroslyh-lyudey.html
Фото: Istock