Қазақстан ғылымы

Заң шығару процесін оңтайландыратын ЖИ бағдарламасы жасалуда

25.09.2025

27

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заңгер ғалымдары Қазақстандағы заң шығару процесін жаңғыртуға бағытталған инновациялық бағдарлама әзірлеп жатыр.  Жоба жасанды интеллект және цифрлық технологияларды енгізу арқылы заңнаманың тиімділігін, сапасын және ашықтығын арттыруға бағытталған.

Бағдарламаның басты міндеті – заң жобаларын дайындау және қабылдау үдерісін оңтайландыру, қайталанулар мен қайшылықтарды жою, заңнамалық шешімдердің қабылдау жылдамдығын арттыру. Бұл «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының дамуына тікелей әсер етпек. 

Жоба авторларының айтуынша, заңнаманы жетілдірудің алғашқы кезеңінде еліміздегі қолданыстағы заңдар мұқият талданып, олардың кемшіліктері мен сәйкессіздіктері анықталуда. Бұл жұмыс нәтижесінде арнайы деректер базасы құрылады және ол заң жобаларын әзірлеу барысында жасанды интеллект құралдарын жасауға негіз болады. Қазіргі таңда өзгерістерді қажет ететін бағыттар бойынша деректер қоры жинақталған. Бұған қоса, дайындалған ЖИ жүйесінің алғашқы прототипін сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін базалық алгоритмдер мен бағдарламалық модульдер құрастырылды. Олар құқықтық құжаттарды жүйелеу мен талдауды қамтамасыз етуі тиіс.

«Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде әлемдік тәжірибелер зерттеліп, заң шығару процесіне арналған жасанды интеллект технологиялары Қазақстан жағдайына бейімделетін болады. Шетелдік сарапшылармен бірге халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізіліп, тәжірибе алмасу кеңейтіледі», – дейді жоба жетекшісі Уәлихан Ахатов.

Сонымен қатар жоба аясында парламент қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында депутаттар мен сенаторларды заң жобаларын талдау мен әзірлеуге белсенді тарту тетіктері дайындалады. Осы орайда, жасанды интеллектің 6 прототипі пилоттық режимде енгізілмек.

Сондай-ақ заң шығару жұмыстарының сапасын көтеру үшін бірыңғай үйлестіру орталығын құру қарастырылып отыр. Заң жобаларын талқылау үшін арнайы цифрлық платформа іске қосылып, депутаттар мен азаматтық қоғам өкілдеріне арналған оқу семинарларын да ұйымдастыру көзделген.
Бұл бағдарлама аясында заң жобаларының тиімділігін үнемі бағалайтын арнайы механизмдер енгізіліп, ЖИ арқылы олардың ықпалын алдын ала болжау мүмкіндігі қалыптасады. Аталған процесс заңнамалық өзгерістердің сапасын арттырып, қоғамға нақты пайда әкеледі деп күтілуде.

«Ақпараттық технологиялар Парламенттің қызметін цифрландыруға мүмкіндік беріп, қоғаммен интерактивті байланыс орнатуға жағдай жасайды» дейді жоба авторлары. Онлайн платформалар арқылы азаматтар заң жобаларын талқылауға қатысып, өз ұсыныстарын да білдіре алады.

Дереккөз: https://farabi.university/news/98297?lang=kz
Фото: Farabi.university

«« | »»
Соңғы жаңалықтар