Қазақстанда халықаралық «Superpave» (Superior Performing Asphalt Pavement) технологиясы бойынша алғашқы жол телімдері салынды. Асфальтбетон қоспаларын жобалаудың бұл жүйесі қатты аяз бен аптап ыстықты, сондай-ақ көлік қозғалысының жоғары қарқындылығын ескере отырып жасалынады. Осы тәсілдің арқасында жол жабындарының жөндеуаралық мерзімі 20 жылға дейін ұзарады деп күтілуде. Бұл Қазақстанның күрт континенталды климат жағдайында ерекше маңызды.
«Жаңа технологияға көшу қажеттілігі қазіргі жолдардың жай-күйімен байланысты. Қозғалыс көлемі жылдан жылға артып, жүк көліктерінің ағымы мен осьтік жүктемелер ұлғаюда. Бұған қоса, басты сынақ, ол - климат. Қазақстанда жазда ауа температурасы +50°С-қа дейін көтерілсе, қыста - 40°С-қа дейін төмендейді. Мұндай күрт айырмашылық дәстүрлі әдіспен салынған жабындарда жарықтардың пайда болуына, деформацияға және қалыңдау іздерінің түзілуіне әкеледі. Соның салдарынан жиі жөндеу қажет болып, шығындар артады»- деп атап өтті Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының (ҚазолҒЗИ) мамандары.
«Superpave» технологиясы осындай сын-тегеуріндерге жауап береді. Ол климаттық жағдайларды және көлік ағынын ескеріп, асфальтбетон құрамын ыстықта да, қыстың суығында да беріктігін сақтайтындай етіп таңдайды. Әдісті қазақстандық жағдайға бейімдеу жұмысын «ҚазжолҒЗИ» ғалымдары жүргізіп жатыр. 2024 жылдан осы жылдың маусым айына дейін институт мамандары 300-ден астам зертханалық сынақ өткізді. Нәтижелер көрсеткендей, «Superpave» қоспалары ылғалға, жоғары температураға және қайталанатын жүктемелерге төзімді. Бұдан бөлек, полимер-битумды байланыстырғыш (ПББ) аймаққа сәйкес PG маркасына сай болса асфальтбетон құрамын іріктеу мерзімі 15 күннен төрт күнге дейін қысқарады. Мамандар бұл бүкіл процесті айтарлықтай жеделдетіп, тездететінін атап өтті.
Жаңа тәсілдерді заңды түрде бекіту мақсатында өткен жылы Қазақстанда үш ұлттық стандарт қабылданды. Ал 2025 жылдың аяғына дейін қоспаларды жобалау ережелері мен битумдарды PG жүйесі бойынша жіктеуді қамтитын тағы бірнеше құжат дайындалады деп күтілуде.
Алғашқы сынақтық жолдар «Алматы - Көкпек - Көктал - Қорғас», «Отар - Ұзынағаш», «Қапшағай - Құрты», Астана қаласының көшелерінде, «Астана - Щучинск» және «Қызылорда - Жезқазған» автомобиль жолдарының телімдерінде төселді.
Технологияны енгізудің жол картасы да бекітілген. Оған сәйкес, келесі жылы тағы үш учаскеде сынақ жүргізу жоспарланған. Барлық тәжірибелік нысандарға мониторинг 2027 жылдың соңына дейін жүргізіледі. Нәтижесінде «Superpave» технологиясын толық көлемде енгізу жөнінде қорытынды дайындалмақ.
Дереккөз: https://qazjolgzi.kz/kz/novost/alymdar-superpave-tehnologiyasy-bojynsha-alashy-zhol-telimderin-tsedi
Фото: Qazjolgzi.kz