Калифорния университеті медицина мектебінің ғалымдары жаңа препаратты анықтады. Оның метаболикалық бұзылыстармен байланысты стеатогепатитті (MASH) емдеуде әлеуеті зор. Бұл – бауырдың майлануы ауруының ауыр түрі, ол семіздік пен 2-типті қант диабетімен байланысты және циррозға, бауыр жеткіліксіздігіне, тіпті бауыр обырына әкелуі мүмкін.
2025 жылдың 23 тамызында The Lancet журналының онлайн-нұсқасында жарияланған зерттеу нәтижесінде ION224 препараты бауырдағы майдың түзілуі мен жиналуында маңызды рөл атқаратын DGAT2 ферментін нысанаға алатыны анықталды. Бұл ферментті тежеу арқылы дәрі майдың жиналуын және қабынуды азайтуға көмектеседі. Ал бұл екеуі – MASH кезінде бауырдың зақымдануына алып келетін негізгі себептердің бірі.
«Бұл зерттеу MASH-пен күресте айтарлықтай ілгерілегенімізді көрсетеді», — деді зерттеудің басшысы әрі Калифорния университеті медицина мектебінің гастроэнтерология және гепатология бөлімінің жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы Рохит Лумба. — «DGAT2 ферментін тежеу арқылы біз аурудың түпкі себебіне әсер етіп, майдың жиналуын және қабынуды тікелей бауырда тоқтатамыз».
Көпорталықты ІІb фазасындағы клиникалық зерттеуге АҚШ бойынша MASH және бауыр фиброзының бастапқы не орташа кезеңіндегі 160 ересек адам қатысты. Қатысушыларға бір жыл бойы әртүрлі дозада ай сайын дәрі егілді немесе плацебо жасалды. Ең жоғары доза қабылдағандардың 60%-ында бауыр жағдайы плацебо тобымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарды. Бұл оң нәтижелер салмақтың өзгеруіне қарамастан байқалды, яғни дәріні басқа терапиялармен бірге қолдануға болатынын көрсетті. Препаратпен емдеу барысында ауыр жанама әсерлер анықталған жоқ.
MASH, ресми атауы — бейалкогольді стеатогепатит (NASH), семіздік пен 2-типті қант диабеті сияқты метаболикалық аурулары бар адамдарға тән. Бұл сырқатты көбіне «үнсіз» дерт деп атайды, себебі ол жылдар бойы ешқандай белгілерсіз өршуі мүмкін.
Дереккөз: https://www.sciencedaily.com/releases/2025/09/250915202836.htm
Фото: Istock