Қазақстан ғылымы

Ауадан көмірқышқыл газын «ұстап алу» әдісі әзірленді

15.09.2025

8

Назарбаев Университетінің Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің ғалымдары ассистент-профессор Махмуд Лейланың жетекшілігімен көмірқышқыл газын «ұстап алудың» табиғи механизмін өнеркәсіптік тұрғыда қолдану әдісін әзірледі. Олардың ғылыми жаңалығы беделді халықаралық журналдардың бірі – Nature Scientific Reports-та жарияланды.

Тау жыныстары ежелден атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіріп, оны минералға айналдырып қайта ауаға шықпайтындай «бекітетін». Алайда индустриялық дәуірде парниктік газдар шамадан тыс көбейіп, табиғи тепе-теңдік бұзылды. Ғалымдар осы табиғи үдерісті айтарлықтай жеделдетіп, оны ауқымды қолдануға болатын технология жасады.

Ғалымдар зерттеу барысында темір мен магнийге бай тау жыныстарын таңдап алды. Бұл элементтер көмірқышқыл газымен әрекеттескенде төменгі температура мен қысым жағдайында берік минералдарға айналады. Осылайша газ химиялық тұрғыдан бекітіліп, қайта атмосфераға шыға алмайды. Процестің қаншалықты жылдам жүретінін бағалау үшін ғалымдар компьютерлік модельдеу жүргізді. Нәтижесінде алғашқы өзгерістер бір апта ішінде байқалып, үш айда қоспа толықтай қатты минералға айналып, көмірқышқыл газы толық сіңірілетіні анықталды. Кейін бұл үдеріс арнайы жасалған зертханалық реакторда қайталанып, тәжірибеде дәл сондай нәтиже бір айдан аз уақытта алынды.

Ассистент-профессор Махмуд Лейланың айтуынша, зерттеудің экологиялық қана емес, экономикалық пайдасы да бар. Көмірқышқыл газын бекіткен минералдар экологиялық таза құрылыс пен жылу оқшаулағыш материал ретінде қолданылып, тоннасы 25 мың долларға дейін бағалануы мүмкін.

Процесті жеделдету үшін ғалымдар катализаторлар, қосымша химиялық заттар және ұнтақталған тау жыныстарын қолданған. Дегенмен, технология көп мөлшерде су мен энергияны қажет ететіндіктен, өндірістік деңгейде іске асыру қымбатқа түсуі мүмкін.

Зерттеушілер Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында көмірқышқыл газын сіңіруге қолайлы тау жыныстары мол екенін айтады. Бұл Қазақстанға миллиардтаған тонна газды қауіпсіз сақтап, өңірлік орталыққа айналуына мүмкіндік береді.

Дереккөз: https://www.inform.kz/ru/v-kazahstane-razrabotali-metod-ulavlivaniya-uglekislogo-gaza-iz-vozduha-5fd72c
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар