Әлемдегі ғылым

Адам денесінің жылуын энергияға айналдыратын резеңке материал жасалды

02.09.2025

20

Пекин университетінің зерттеушілері адам денесінің жылуын электр энергиясына айналдыра алатын жаңа резеңке материал ойлап тапты. Бұл жаңалық смарт-сағаттар мен басқа да киілетін құрылғыларды көлемді аккумуляторлардың көмегінсіз және жиі қуаттамай-ақ автоматты түрде зарядтауға мүмкіндік беруі мүмкін.

South China Morning Post (SCMP) басылымының хабарлауынша, бұл инновация термоэлектрлік принциптерге негізделген. Бұл принциптер бойынша, адам денесінің температурасы (шамамен 37 °C) мен қоршаған ортаның температурасы (20–30 °C) арасындағы айырмашылық энергия өндіреді.

Негізгі инновация жартылай өткізгіш полимерлер мен серпімді резеңкені араластырып, өзара біріктіруден тұратын гибридті құрылымда жатыр. Материалдың ішінде нановолокондар желісін құру арқылы зерттеушілер жоғары электрөткізгіштікті сақтай отырып, бұрын-соңды болмаған деңгейдегі созылғыштыққа қол жеткізген.

Жаңа материалды смарт-сағаттарды зарядтауға немесе электр қуаты қолжетімсіз алыс аймақтардағы байланыс жабдықтарын қуаттандыруға пайдалануға болады. Сонымен қатар, ғалымдар оның тоқыма өнеркәсібінде де қолданылатынын болжайды: киімге енгізілген материал қалтадағы телефонды қуаттай алады немесе дене температурасын реттеуге көмектесе алады.

Инновация медицина саласында да қолданыс табуы мүмкін. Мысалы, жүрек-қан тамыр жүйесін тексеру үшін қазіргі уақытта пациенттерге жеткілікті дерек жинау мақсатында бір апта бойы электронды құрылғыны тағып жүру қажет.

Дереккөз: https://naked-science.ru/community/1109520

Фото: SCMP

 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар