Қазақстан ғылымы

Ертіс маңындағы ерте ортағасырлық жерлеу орындары зерттелуде

27.08.2025

17

Шәкәрім университеті және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жалғасып жатыр. 

Ынтымақтастық аясында екі ғылыми орталық күш біріктіріп, Қазақстанның көне дәуірлеріне қатысты археологиялық және тарихи деректерді жүйелі түрде зерттеуге бағытталған ортақ бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі ҚР ҒЖБМ ҒК «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» бағдарламалық жобасы. Осы бағдарлама шеңберінде археологиялық қазба жұмыстары жоспарлы түрде атқарылып отыр.
  
Бағдарлама аясында зерттелген археологиялық ескерткіштердің бірі Абай облысы Жаңасемей ауданы Мұздыбай ауылының іргесінде орналасқан Мұздыбай-3 қорымы. Қорымда жүргізіліп жатқан далалық археологиялық зерттеу жұмыстарының басты мақсаттарының бірі Семейдің Ертіс маңын көне дәуірлерде қоныс еткен тұрғындардың мәдени-тарихи келбетін анықтау.

Қазба барысында алынған материалдар сол кезеңдегі тайпалардың жерлеу дәстүрлерін, әлеуметтік құрылымын және материалдық мәдениет үлгілерін айқындауға мүмкіндік береді. Бұл деректер Семей өңірінің байырғы тарихын толықтыра түсіп, мәдени мұрасын жан-жақты зерделеуге жол ашады. Сонымен қатар, жаңа ғылыми мәліметтерді ғылыми айналымға енгізуге ықпал етеді.
 
Алдағы уақытта зерттеу жұмыстары жалғасып, табылған артефактілерге кешенді зертханалық сараптамалар жасалмақ. Соның ішінде ескерткіштің жасын анықтау мақсатында органикалық қалдықтарға радиокөміртектік (С14) сараптама жасау, қыштан және тастан жасалған бұйымдарға технологиялық және трасологиялық талдаулар жасау жоспарланып отыр.

Дереккөз: https://archeo.kz/kk/ekspedicii/semejdi-ertis-maynda-erte-ortaasyrly-zherleu-orynd/
Фото: Archeo.kz
«« | »»
Соңғы жаңалықтар