Қазақстан ғылымы

Наноматериалдарды әзірлеуге бағытталған ғылыми жоба іске қосылды

18.08.2025

563

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары энергияны химиялық және электрохимиялық жолмен түрлендіру мен сақтау үшін қолданылатын наноматериалдарды әзірлеуге бағытталған ғылыми жобаны қолға алды. Бұл бағдарламаның негізгі идеясы – сутегін өндіре алатын қауіпсіз және портативті энергия көздерін жасауға арналған инновациялық техникалық тәсілдерді әзірлеу. Жоба инновациялық технологиялар арқылы энергетика саласындағы түбегейлі өзгерістерге жол ашуды мақсат етеді.

Ғылыми бағдарлама аясында жаңа буындағы экологиялық таза энергетикалық жүйелер үшін сутек өндіру, суды тазарту және аз қуат тұтынатын құрылғыларды энергиямен қамтамасыз етуге қабілетті, қауіпсіз әрі портативті энергия көздері жобаланған.

Ғылыми жаңалықтардың қатарында металл-ауа батареяларына арналған жоғары энтропиялы қорытпалар негізіндегі анодтарды қолдану, сондай-ақ сутек генерациясы үшін нанокремний құрылымдарын пайдалану қарастырылған. Жоба тобына С.Оразбаев, Е.Ерланұлы, Н.Е.Аханова, Р.Р.Немкаева, М.М.Мұратов, А.У.Өтегенов, Р.Е.Жұмаділов сынды ғалымдар мен мамандар кіреді. Авторлардың айтуынша, бұл бағыттар әлі толық зерттелмегенімен, олардың қолданылуы энергетика саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бағдарлама экологиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да өзекті. Ол энергия тиімділігін арттыруға, ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге және органикалық қалдықтарды өңдеу мен суды тазарту мәселелерін шешуге негізделген. Микробты отын элементтері тәрізді шешімдер ресурстарды үнемдеуге және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға септігін тигізбек.

Коммерцияландыру әлеуеті де жоғары. Бағдарлама нәтижесінде жасалған прототиптер ғылыми-зерттеу және өнеркәсіптік аяда кеңінен қолданылып, энергия үнемдейтін құрылғылар мен су тазарту жүйелерін өндіруге негіз бола алады. Бұл өз кезегінде отандық жоғары технологиялық шағын және орта кәсіпорындардың қалыптасуына ықпал етеді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1051830?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар