Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің қызметкерлері «Шығыс Қазақстан облысының тау-кен металлургия өнеркәсібінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті ғылыми негізделген технологияларды әзірлеу және енгізу» жобасын жүзеге асыру аясында көпсалалы жұмыс тобы құрамында далалық зерттеулерге қатысты.
Маршрут облыстың маңызды табиғи және өнеркәсіптік аймақтарын қамтыды: Зубовка ауылы, «Казцинк» ЖШС Малеев кен байыту фабрикасының қалдық сақтау қоймасы, Глубокое ауданы, атап айтқанда, Глубочанка және Красноярка өзендері. Топ өлшеу жабдығымен Первомайский кентіне, Ертіс химия-металлургия зауыты мен оның қалдық қоймасының ауданына барды. Кен-металлургиялық кешен нысандары орналасқан Ұлан ауданының Огнёвка және Белогорский кенттерінде болды. Зерттеулер Алтай қаласында, оның ішінде Алтай кен байыту фабрикасы ауданында да жүргізілді.
Сапар барысында экологиялық жағдай мен Шығыс Қазақстанның тұрақты дамуын бағалау үшін маңызды мәліметтер жиналып, объектілерге визуалды шолу жасалды. Жүргізілген зерттеулер аясында беттік гамма-сәулелік түсірілім жүргізілді, топырақ, беткі су, түбi шөгінділері және өсімдіктер үлгілері алынды, топырақ экспресс-анализі заманауи портативті Olympus Vanta C рентгенофлуоресценттік анализаторы көмегімен жүзеге асырылды.
Бұл зерттеулердің нәтижелері жергілікті атқарушы органдарға арналған материалдар мен ұсыныстардың негізін құрап, университеттің экология, геоэкология және жасыл технологиялар бағытындағы ғылыми базасының бір бөлігіне айналмақ. Жобаны жүзеге асыру өңірдің тұрақты экономикасын қалыптастыру мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау жолындағы маңызды қадам саналады.
Дереккөз: https://www.ektu.kz/newsevents/kompleksnye_issledovaniya_okruzhayuschey_sredy_vostochnogo_kazakhstana_v_ramkah_grantovogo_proekta.aspx
Фото: Ektu.kz