Нью-Йоркте (АҚШ) өткен аукционда Марс ғаламшарының Жерге құлаған ең үлкен бөлшегі 5,3 миллион долларға сатылды.
NWA 16788 деп аталатын тастың салмағы – 25 кг. Ол 2023 жылғы қарашада Нигердегі Сахара шөлінде табылған. Sotheby’s аукцион үйінің дерегінше, метеорит Марс бетінде болған аса қуатты астероид соқтығысынан кейін ғарышқа ұшып, 225 миллион шақырымды артқа тастап, Жерге жеткен. Метеорит Марс бетінен нақты қашан ұшып шыққаны белгісіз, бірақ зерттеу нәтижелері бұл құбылыс кейінгі жылдары болғанын көрсеткен.
Сатып алушының аты-жөні белгісіз. Тауардың аукционға дейінгі алдын ала бағасы 2-4 миллион доллар аралығында болған. Ал соңғы ұсыныс 4,3 миллион доллар болса, әртүрлі алымдар мен комиссияларды қосқанда ресми бағасы шамамен 5,3 миллион долларға жетті.
Sotheby’s аукцион үйінің мәліметінше, қызыл, қоңыр және сұр түсті бұл метеорит Жерде табылған марстық келесі ең ірі тастан шамамен 70% үлкен және қазір біздің ғаламшардағы барлық марстық материалдың 7%-ға жуығын құрайды. Оның өлшемі шамамен 375 мм × 279 мм × 152 мм.
Арнайы зертхана бұл қызғылт тас үлгісін тексеріп, оның шын мәнінде Марстан екенін растаған. Зерттеу нәтижесінде бұл тас «оливин-микрогаббрлық шерготтит» екені анықталған. Бұл магманың баяу салқындауынан пайда болған марстық жыныс түрі. Ол ірі түйіршікті құрылымға ие және құрамында пироксен мен оливин минералдары бар.
Дереккөз: https://www.theguardian.com/science/2025/jul/16/mars-meteorite-largest-auction
Фото: Cbc.ca