Қазақстан ғылымы

Бактериялар арқылы экожүйені қалпына келтіру әдісі ұсынылды

15.07.2025

11

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) ғалымдары ауыр металлдармен ластанған топырақ пен өсімдіктерді биологиялық әдіспен тазарту бағытындағы зерттеу аясында маңызды нәтижелерге қол жеткізді.

Жоба барысында «Pseudomonas» туысына жататын бактериялардың ауыр металлдарды жою қабілеті жан-жақты зерттеліп, олардың экожүйені қалпына келтірудегі тиімділігі дәлелденді. Бұл ғылыми жұмыс қоршаған ортаны биоремедиациялау саласына тың серпін бермек.

Зерттеулер Пәнаралық зерттеулер орталығында орналасқан заманауи «Thermo Scientific Axia ChemiSEM» (АҚШ) сканерлеуші электронды микроскоп (СЭМ) қондырғысында жүргізілді. Бұл құрылғының көмегімен өсімдіктер мен топырақтағы металл қалдықтарының нақты мөлшері мен таралу аймағы анықталды.  Ал СЭМ-ге орнатылған EDX (энергия-дисперсиялық рентген спектроскопиясы) жүйесі арқылы топырақ пен өсімдік үлгілерінің элементтік құрамы белгілі болды. Зерттеу әдісі ластану деңгейін, сонымен қатар «Pseudomonas» бактериясымен өңделу нәтижесін нақты бағалауға мүмкіндік береді.

Жоба нәтижесі экожүйелерді ауыр металдардан тазарту арқылы ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді қалпына келтіруге септігін тигізеді. Аталған зерттеу жұмысы экология, биотехнология және ауыл шаруашылығы салаларындағы ғылым мен тәжірибе арасындағы байланысты тереңдетуге бағытталған.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1034025?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар