Әлемдегі ғылым

Күн бетіндегі жарқылдың белсенділігі күрт артты

14.07.2025

13

11–12 шілде аралығында Күн бетінде 17 жарқыл тіркелген. Бұл шілде айының орташа көрсеткішімен салыстырғанда үш есе көп, деп хабарлады Ресей Ғылым академиясы Ғарыштық зерттеулер институтының Күн астрономиясы зертханасы мен Сібір бөлімшесінің Қолданбалы және теориялық геофизика институты.

«Кешегі күннің ортасынан бастап Күн бетінде, соның ішінде Жерден көрінбейтін артқы жағында да, белсенді аймақтардың саны мен көлемі күрт өсті. Оларды қазір еуропалық Solar Orbiter аппараты бақылап отыр. Яғни, бұл — ғаламдық сипаттағы белсенділік», — делінген зертхана хабарламасында.\

12 шілде күні таңертең Күннің сол жақ шетінде екі M деңгейіндегі (орташа қуатты) жарқыл: M1.4 қуатты жарқыл — 07:02–де (Мәскеу уақыты бойынша), M2.3 қуатты жарқыл — 11:34–те тіркелді.

Ғалымдар қазіргі жарқыл белсенділігі Жерге тікелей қауіп төндірмейтінін айтты.

«Алдағы бірнеше күнде M деңгейіндегі жарқылдар саны артуы мүмкін. Алайда біз жеке ескерту хабарламаларын тек аса қуатты оқиғалар кезінде немесе Жерге әсер етуі мүмкін жағдайларда ғана таратамыз. Барлық жарқылдардың тізбегін зертхананың ресми сайтынан бақылауға болады», — деді мамандар.

Дереккөз: https://kaz.inform.kz/news/kun-betndeg-zharkildin-belsendlg-kurt-artti-a7b055/
Фото: Tass.ru

«« | »»
Соңғы жаңалықтар