Әлемдегі ғылым

Диабетпен ауыратын адамдарға қажет имплант жасалды

10.07.2025

29

Массачусетс технологиялық институтының ғалымдары гипогликемия (қандағы қант деңгейінің күрт төмендеуі) кезінде глюкагон гормонын бөліп шығара алатын шағын имплант әзірледі. Бұл 1-типтегі қант диабетімен ауыратын адамдар үшін, әсіресе, балалар мен ауру белгілерін дер кезінде байқай алмайтындар үшін таптырмас шешім болмақ. Зерттеу Nature Biomedical Engineering (NBE) журналында жарияланды.

Монета көлеміндей ғана бұл құрылғы тері астына орналастырылады және сақтау кезінде бұзылмайтын ұнтақ түріндегі глюкагоннан тұрады. Қажет болған жағдайда оны қашықтан — қолмен немесе глюкоза деңгейін бақылайтын құрылғылардың сигналы арқылы іске қосуға болады. Электр тогының әсерінен құрылымдағы арнайы қорытпа пішінін өзгертіп, дәрінің дозасын шығарады.

«Біз қант деңгейі күрт төмендеген кезде адам өмірін құтқарып қалуға қабілетті, әрдайым дайын тұратын құрылғы жасағымыз келді. Бұл әсіресе пациент ұйықтап жатқанда, глюкометр дабылын естімей қалуы мүмкін жағдайларда өте маңызды», — деді жоба жетекшісі, профессор Даниэль Андерсон.

Тышқандарға жүргізілген сынақтар имплант іске қосылғаннан кейін қандағы қант деңгейі 10 минуттан аз уақыт ішінде тұрақталатынын көрсетті. Глюкагоннан бөлек, бұл құрылғы басқа да дәрілерді, мысалы, анафилактикалық шок кезінде адреналинді шұғыл енгізу үшін қолданылуы мүмкін.

Зерттеушілер тобы импланттың жұмыс істеу мерзімін бір жылға дейін ұзартуды және алдағы үш жыл ішінде клиникалық сынақтар өткізуді жоспарлап отыр. Олар бұл технология тек диабет кезінде ғана емес, өзге де қауіпті жағдайларда шұғыл көмек көрсетудің жаңа стандартына айналады деп үміттенеді.

Дереккөз: https://www.gazeta.ru/science/news/2025/07/09/26231684.shtml?updated
Фото: News.mit.edu

«« | »»
Соңғы жаңалықтар