Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің бір топ жас ғалымы гипераккумуляторлық өсімдіктер мен микоризияларды қолдана отырып, ашық тау-кен жұмыстары салдарынан бұзылған жерлерді рекультивациялау процесін қарқындатудың тың әрі экологиялық тәсілін әзірлеп жатыр. Бұл жоба Қазақстанның шөлді және шөлейтті аймақтарында ауыр металдармен ластанған жерлерді қалпына келтіру ісінде жаңа кезеңнің бастамасы болмақ.
Жобаның ғылыми негізі – белгілі бір өсімдіктердің (гипераккумуляторлар) топырақтан ауыр металдарды сіңіру және жинақтау қабілетіне, сондай-ақ топырақтағы пайдалы микроағзалармен симбиоздық қатынаста болатын микоризиялардың әсеріне негізделген. Бұл тәсіл жер бедерін табиғи жолмен қайта қалпына келтіруді қамтамасыз етіп, экожүйенің тұрақты дамуына жол ашады.
Бүгінгі таңда зерттеу жобасы нақты тәжірибе жүзінде апробациядан өтіп жатыр. Таңдалған сынақ алаңдарында алғашқы оң нәтижелер тіркеліп, өсімдіктердің ауыр металдарды сіңіру деңгейі мен топырақтың экологиялық жағдайының жақсаруы байқалады. Бұл өзгерістер зерттеу тобы тарапынан ғана емес, жобаның іске асырылып жатқан пайдалы қазбалар кен орындарының басшылығы тарапынан да жоғары бағаланып отыр.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1027942?lang=kk
Фото: Gov.kz