Халықаралық ғалымдар тобы 1-типтегі қант диабетін емдеу cаласында үлкен серпіліс жасады. Олар жаңа биосияны пайдаланып, функционалды адам ұйқы безі аралшықтарын 3D принтерде сәтті басып шығарды. Бұл технология болашақта инсулин инъекцияларына қажеттілікті толықтай жоюы мүмкін.
Диабетті зерттеумен айналысып келе жатқан ғалым, доктор Квентин Перрьенің жетекшілігімен ғалымдар тобы ұйқы безіндегі инсулин өндіретін аралшық жасушаларын 3D форматында басып шығару әдісін әзірледі.
Халықаралық Қант диабеті федерациясының мәліметінше, аралшықтарды трансплантациялау әдетте бауырға енгізіледі, бірақ оның тиімділігі шектеулі. Бұл әлемдегі 1-типтегі қант диабетімен ауыратын 59 миллион адамды емдеуге тиімді әдіс қажет екенін көрсетіп отыр.
Ал тері астына имплантациялау арқылы жасалатын жаңа әдіс 1 типті диабетпен ауыратын пациенттерге аз инвазивтік және қолжетімді емдеу жолын ұсынады.
«Біздің мақсатымыз – трансплантацияланған жасушалар жақсы тіршілігін сақтап, қызмет атқаруы үшін ұйқы безінің табиғи ортасын қайта жасау», – деп түсіндірді доктор Квентин Перрье.
Ұйқы безі аралшықтарын жасау үшін ғалымдар тобы 3D принтердің параметрлерін дәл баптап, ұйқы безінің тірек құрылымын имитациялайтын арнайы биосияны пайдаланған.
Зертханада өткізілген сынақтар биопринттелген аралшықтар тірі және сау қалып, жасушалардың тіршілік ету көрсеткіші 90%-дан асатынын көрсетті. Арнайы биосияны қолдана отырып басып шығарылған жасушалар үш аптаға дейін тіршілік еткен. Осылайша оларды клиникада қолдануға болатыны расталды. Олар глюкозаға стандартты аралшықтарға қарағанда жақсырақ реакция беріп, қажет кезде инсулинді көбірек бөлді.
Дереккөз: https://interestingengineering.com/health/3d-printed-pancreatic-islets-diabetes-therapy
Фото: interestingengineering.com