Қазақстанның мектеп оқушылары арасындағы үздік инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары анықталды. Тәуелсіздік күніне орай өткізілген шара «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» ұйымдастырды.
Қараша айында жарияланған байқауға елдің барлық аймақтарынан 48 жоба келіп түскен. Олардың ішінде Ақмола, Павлодар, Қызылорда облыстарынан түскен өтініштердің саны едәуір көп болған. «Менің энергия сақтайтын мектебім», «Қызанақ жинайтын робот-көмекші», «Ферромграниттік сұйықтық – келешек технологиясы» сияқты қызықты да өзекті жобалардың болғанын атап өту керек.
«Шараның басты мақсаты – балалардың инновациялық идеяларын қолдау, олардың жаңа технологияға деген қызығушылығын арттыру. Жобаларды ары қарай іске асыру жөнінде қарастыратын боламыз. Себебі олардың кейбірі, тіпті коммерциализацияға шығаруға тұратындай дайын жобалар. Яғни олар тек макет жүзінде қалмайды деген сөз. Балалардың ойларынан шыққан инновациялық дүниелер біздің экономикамыздың сұранысына ие болады», – дейді тілшілерге берген сұхбатында «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарушы директоры Несіпбала Ермекова.
Комиссия қорытындысы бойынша 5-8-сынып оқушылары арасында Ақсу қаласының 8-сынып оқушысы Толғанай Хайтар «Қолдан ашытқы жасау» жобасымен жеңімпаз атанды. Ал 9-11- сынып оқушылары ішінен Павлодар қаласының Абай атындағы №10 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Сәдуақас Хәкім «ЛАМАБАТЭЛ» көпфункционалды, азгабаритті, мобильді медициналық құрал-жабдық жасақтау» жобасымен жеңімпаз атанды.
Жеңімпаз жобалардың авторлары 150 мың теңге көлемінде сыйақы мен дипломдар иеленсе, байқаудың финалына дейін жеткен 8 жоба авторларына 50 мың теңге көлеміндегі сыйақы мен мақтау қағаздары табысталды.
Источник: kaz.classtime.kz