Отандық тарихшылар Қазақстан мен Ресейдің тарихын бірігіп жазу бастамасына қарсы шықты.
3 желтоқсан күні Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасы мен ЕҰУ-ның "Алаш" зерттеу ғылыми институты бірлесе отырып, "Алаш құндылықтары және тәуелсіздік мұраты" атты ғылыми конференция өткізді.
ЕҰУ-ның проректоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы өзінің "Смағұл Сәдуақасұлы еңбектеріндегі ұлт мұраты және тәуелсіздік" атты мақаласымен көпшілікті баурап алды. Мақаласы соңында марқұмның Мәскеу жеріндегі шіркеуде сақталған сүйек күлі өзі аңсаған тәуелсіз қазақ еліне жеткізілгеннен кейін де жер қойнына берілмей, біраз жатып қалғанын сөз орайында ашына жеткізді.
Астанадағы Ғылмани мешітінде біраз уақыт сақталып, мұсылман зиратына аманатқа жерленген Смағұл марқұмның сүйек күлі жақында туған-туыс, ұрпақтарының қатысуымен қала ішіндегі Кенесары сарбаздары жерленген Қараөткел қорымына біржолата қойылғаны да айтылып қалды. Сол жерде марқұмға арнап ескерткіш орнатылыпты.
Осыларды айта келе Дихан Қамзабекұлы: "Осы бір қолайсыздау қам-қарекеттер Алаш ұрпағы болып жүрген біз үшін үлкен сын болды. Бұл жайт біздің әлі де көп нәрсеге дайын еместігімізді көрсетті. Жұрт армандап жүрген Кенесары ханның басы табылып, елге әкелінер күн туса да, тап осындай салғырттық боларына өз басым кәміл сенемін", — деп, ғалым күйініп те алды.
Осыдан кейінгі "Неге біз осы?" деген Оралханның сөзі бірдің емес, мыңның жүрегін шарпитыны сөзсіз. Профессор Өмірзақ Озғанбай "Алаш қозғалысы және Ресей мемлекеттік думасы" атты баяндамасында қазақтарды бірте-бірте шоқындырып, кейін біржолата арақтың құлы етіп жіберуді көздеген отарлаушылардың сұмдық ниеттерін бұлтартпас нақты мысалдармен жайып салды.
Ақмоланың шұрайлы жеріндегі қалың қазақтың ортасына сыналай енген келімсектердің шағын ғана бір ауылда, айналасы бірер жылда 5 мың бөшке арақ ішілгендігі жаға ұстатар масқара демей көр.
Ал тарихшы Мәмбет Қойгелдиев "Алаш қозғалысын зерттеудің қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелері" атты баяндамасын оқудан бұрын, соңғы кездері елімізде тарихтың ғылыми сипаттан гөрі саясиланып бара жатқанына тоқталып, мұның жақсы үрдіс еместігін ескертіп өтті.
Бұған қоса, Ресей жағынан ауызға алынып, біздегі биік мінберлерден қошталған "Ресей мен Қазақстанның ортақ тарихын жазу" шешіміне мүлде қосылмайтынын айтты. Сондай-ақ, соңғы бірнеше жылдың көлемінде батыс және Ресей тарихшылары жағынан жазылып жатқан ХХ ғасырдағы тарихтан сыр шертетін сериалды кітаптарда айтылатын "Қазақстанда ұлт-азаттық көтерілістер болған жоқ" дейтін үстірт тұжырымдарға қарсы екенін жасырмады.
Мұның бәрі тәуелсіз елге жасалып жатқан қысастық екені даусыз. "Сондықтан да Алаш қозғалысын жүйелі түрде тереңдей зерттеуіміз қажет. Егер мүмкіндік болса, репрессияға ұшыраған Алаш арыстарының сот материалдарын түгелімен жиыстырып, халықпен қауыштырумыз керек. Сонда ғана қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жан қиған боздақтар алдындағы перзенттік парызымызды өтеген боламыз", — деп, өз ойын түйіндеді тарихшы.
Источник: news.nur.kz