Қазақстан ғылымы

Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдары эпидемиялық қауіпті масаларды зерттейді

27.01.2025

9



Қазақстан аумағында Aedes масалары алғаш рет зерттелуде. Қансорғыш масалардың морфологиясын, кариотиптерін және геномдық реттілігін зерттеу олармен күресу әдістерін жасауда практикалық маңызға ие. Өйткені олардың басым бөлігі адам үшін қауіпті вирустарды тасымалдаушылар болып табылады. 

Бұл жәндіктің түрлерін анықтау масалардың биологиясы саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер үшін маңызды міндет болып отыр. Себебі, оларға ұқсас басқа түрлерінің де адамға ауруларды тасымалдау қабілеті әртүрлі болып келеді. Яғни, әртүрлі эпидемиялық аурудың антропофильділігі, таралу кеңдігі мен саны жағына мән беріледі. 

Aedes масаларының жаңа инвазивті түрлерінің анықталуы, қансорғыш масалардың ең көп және кең таралған тұқымының қазіргі классификациясының екіұштылығы оларды зерттеудің жаңа тәсілдерін қарастыруды талап етеді. 

Жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасы аумағындағы Aedes тұқымдасына жататын масалардың түрлік құрамын, филогенетикалық байланыстарды зерттеу және түрлерді идентификациялаудың цитогенетикалық маркерлерін іздеу үшін молекулалық және цитогенетикалық талдау жасау. 

Жобаны орындау барысында алынған нәтижелер Қазақстан Республикасындағы түрлердің генофондына мониторинг жүргізуге және кешенді экологиялық таза әдістерді, соның ішінде қансорғыш масалардың түрлерінің санын реттеудің биологиялық әдістерін әзірлеуге негіз бола алады. 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар