Қазақстан Республикасы Азаматтық авиация академиясының ғалымдар тобы халықаралық стандарттарға және ICAO, EASA, IATA ұсынатын тәжірибелердің талаптарына сәйкес авиация саласы мамандарының практикалық құзыреттілігін арттыруды көздеп отыр. Ол үшін 3D және VR негізінде ұшақ техникасын жөндеудің технологиялық процестері бойынша интерактивті оқу бағдарламаларын жобалау технологияларын әзірлеуде.
Азаматтық авиация академиясының мамандары авиациялық саладағы мамандарды даярлау мәселелерін шешу үшін интерактивті оқыту бағдарламаларын пайдалану мүмкіндіктерін талдады.
Зерттеудің теориялық тапсырмаларын орындау нәтижесінде виртуалды шындық технологиясын пайдалана отырып, авиация саласы мамандарын даярлау мәселелерін шешуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен құрудың техникалық шешімдері қалыптасты.
Нәтижесінде интерактивті оқыту бағдарламаларын әзірлеуге және тестілеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен әзірленді, интерактивті оқыту бағдарламаларының аппараттық-бағдарламалық кешеніне сапалық және сандық талаптар анықталды. Сондай-ақ 3D және VR технологияларын пайдалана отырып, ұшақтарды жөндеудің технологиялық процестері бойынша интерактивті оқыту бағдарламаларының кешенін жобалауға техникалық шарттар дайындалды.
Бағдарламалар жиынтығын (SolidWorks, Blender3D және Unreal Engine 4) пайдалана отырып, VR қосымшаларын әзірлеу әдістемесі және VR ортасында гайканы кілтпен айналдырудың математикалық моделі алынды. Файлдар ұсынылған 3D және VR технологиялары негізінде авиациялық техниканың құрамдас бөліктері мен тораптарын одан әрі жобалау үшін ақпаратқа қол жеткізу жылдамдығын оңтайландыру критерийлеріне сәйкес құрылымдалған және сақталған. Бұдан бөлек цифрлық оқыту моделінің тұжырымдамасы енгізілді, цифрлық оқыту моделін математикалық қамтамасыз ету құрылымы әзірленді. VR оқытуды модельдеуде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету бойынша маманның тәуекелін бағалаудың математикалық алгоритмі де ұсынылды.
Зерттеу жұмысының нәтижесі аппараттық-бағдарламалық кешеннің тәжірибелік үлгісін сынау және VR технологияларын қолдана отырып, әуе кемелерін жөндеудің технологиялық процестері бойынша интерактивті оқыту бағдарламаларын тәжірибелік қолдану болып табылады.