Ғылыми жаңалықтар

Білікті ғалымдар білім ошағын неге тастап кетеді?

24.12.2013

4686

Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық «абсолюттік инновациялар» басты ережесі болып табылатын технологиялық үдерістің жаңа даму кезеңіне аяқ басып келеді. Үшінші мың­жылдықтың экономикасы – бұл білімдер экономикасы, демек, бұл – өзгермелі жағдайға икемделуге қабілетті жоғары өнімді, креативті және кәсіпқой адамдардың дәуірі.

Жалпыұлттық идея ретінде Елбасы ұсынған адам капиталын дамыту тұжырымдамасы бүкіл қоғамның жігерін қажет етеді. Азаматтардың өз білімін тұрақты жаңартып отыру және жаңа құзыреттіліктерді игеру мүмкіндігін ұсынуды қоса алғанда, мектепке дейінгі оқытудан бастап, барлық деңгейлерде білім беруді жақсартуға басты назар аударылуы тиіс.

Осы міндетті орындау үшін, білім беру жүйесі әр баланың әлеуетін ашуға, жалпы адами құндылықтарын нығайтуға, жастардың бойында шығармашылық рухы мен инновацияларды тәрбиелеуге бағытталуы тиіс. Әр оқушыға табысқа жету мүмкіндігін қамтамасыз ете алатын білім жүйесі ғана күшті болмақ. Әрбір педагог, әрбір білім беру ұйымы жастардың барынша жаңа білім алуына және өз әлеуетін ашуға мүмкіндік алатын шығармашылық орта құруға бағытталуы тиіс. Білім беру жүйесінің соңғы деңгейі болып табылатын жоғары мектеп жаңа білімдерді меңгерген, осы білімдерді жинақтауға, ең бастысы, оны қолдана білуге үйренген жоғары білікті кәсіпқой мамандар дайындауда ерекше жауапкершілікке ие. Осындай жан-жақты ойлай білетін азаматтарды дайындау – университеттердің ең басты міндеті, мұның өзі жоғары оқу орны менеджментінің бүкіл жүйесін түпкілікті қайта құруды, жұмыстағы формальды аспектілер мен прагматикалық әдістерді еңсеруді қажет етеді.

Қоғамдық пікірді зерттеу көрсеткендей, біздің бітірушілеріміз өндірісте жұмыс істеу үшін кәсіби мінез-құлық этикасын, коммуникативтік дағдылар, топтаса жұмыс істеу қабілетін қоса алғанда, жеткілікті құзыреттіліктерге ие емес. Қалыптасқан жағдайдан шығу үшін, университеттердің дербестігін қамтамасыз ете отырып, олардың мәдениетін нығайту, сыртқы мүдделі тараптармен ынтымақтастықты кеңейту, білім мазмұнын жаңарту, ең бастысы, білім ордасына үздік оқытушыларды тарту қажет. Алғашқы кезекте жоғары оқу орнында тиімді корпоративтік басқару жүйесін құру керек. Негізінде, жақсы жоғары оқу орны қатаң иерархиядан азат болуы және дамыған демократиялық ішкі ортаға ие болуы тиіс. Оқу дәрісханаларында түрлі көзқарастарға ие түрлі әлеуметтік қабат өкілдері тең дәрежеде білім алса, ал профессор сөзсіз беделді тұлға емес, тең құқылы адамдардың ішіндегі бірінші адам ретінде көріне білсе, неғұрлым тиімді әсерге қол жеткізіледі. Білімді басқару мамандары атап өткендей, мұндай либералдық жағдай білім айналымына өзіндік игі ықпал етеді. Студенттерді өз пікірлерін ашық айтуға, өз шешімдерін ұсынуға баулу қажет.

Жоғары оқу орындарының қауымдастығы университеттер дербестігінің кеңейтілуіне үлкен үміт артып отыр. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұл мәселе жоғары мектеп менеджментіндегі басты мәселелердің бірі ретінде қойылып келеді, мұның өзі әділетті және дер кезінде қойылған мәселе болып отыр. Алайда, жоғары оқу орындарының дербестігін кеңейту олардың адам әлеуетін дамыту сапасы үшін әлеуметтік жауапкершілігін арттыру тұрғысынан қарастырылуы тиіс. Дербестік ғалымдардың ғылыми зерттеулерін өндіріске енгізуіне, жетекші шетел университеттерімен бірлесе жұмыс атқаруға, инфрақұрылымды, қосымша білім берудің тармақталған жүйесін қарқынды дамытуға, сондай-ақ, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті білім бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда жоғары оқу орындарының қызметі сыртқы ортаға және оқытушы-профессорлар құрамына қатынасы бойынша ақпараттық ашықтық пен айқындылыққа ие болуы тиіс.

Экономикалық тұрғыдан қарастырғанда, дербес университеттер кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруға кірісе алады, түрлі қаржы көздерін тартып, көп­арналы қаржыландыруды қамтамасыз ететін болады. Осыған байланысты қоғамның барлық мүдделі топтарының Бақылау және Қамқорлық кеңестерінде өкілдік ашу мәселесі туындайды. Осы кеңестерге жоғары оқу орнының тұрақты дамуы және олардың өз ағартушылық міндеттерін атқаруы бойынша үлкен жауапкершілік артылады. Жоғары оқу орындарында корпоративтік басқару әдістерін енгізу, әсіресе, университеттердің зерттеу қызметін ұйымдастыруда топтаса жұмыс істеу тәжірибесін белсенді пайдалануды қажет етеді. Қазіргі таңда икемді әрі ұтқыр шығармашыл ұжымдар дәуірі туып келеді, мұнда студенттер мен оқытушылардың зияткерлік қарым-қатынасы іске асырылып, жаңа идеялар, зеректік, озық ғылыми ойлар пайда болады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жалғыздара зерттеушілер мен өнертапқыштардың заманы келмеске кетті, қазіргі таңда жаңалықтар үлкен ұйымдасқан топтар тарапынан ашылып келеді. Сондықтан оқытушылармен және болашақ әріптестермен бірлесе отырып, өнімді жұмыстар атқару қажет. Осыны негізге ала отырып, бизнес құрылымдарымен және еңбек нарығымен тиімді байланысты қалыптастыруға болады. Білім бағдарламаларын әзірлеуде бітірушінің өндірісте қажет болатын дағдыларды игеруіне назар аударып, сондай-ақ, көшбасшылық дағдыларын игеруіне де көңіл бөлу керек. Осыған орай студенттер ортасында саламатты студенттік бәсекелестік жағдайын қалыптастырған маңызды. Инноваторларды дәстүрлі әдіс және технологиялармен тәрбиелеу мүмкін емес. Талантты жастар ортасында кез келген бәсекелестік өз жемісін береді. Жастар бір-бірімен жарыса отырып, барынша үздік атануға тырысады. Сонымен қатар, студент жаңа білім алу механизмдерін игеріп, өзін-өзі оқып-үйренуге және өз бетінше білім алуға деген өмірлік қасиеттерге тәрбиелейді. Үйренгісі келмейтін адам, оның ішінде, талапсыз шәкірт неғұрлым күрделі мамандықтарды игерген сайын, тығырыққа тіреле бастайды.

Қазіргі жағдайда жоғары оқу орындары гуманитарлық және жаратылыс ғылымдарындағы іргелі білімдерге және кең дүниетанымға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Бүкіл әлемде кәсіби мамандану бастапқы курстардан емес, магистратура сатысында ғана орныға бастайды. Сондықтан оқу барысында ықыласы өзгере бастаса, белгілі бір кезеңде мамандығын қиналмай ауыстыруына болады. Отандық жоғары оқу орындарында мамандану бакалавриаттың бастапқы курстарында-ақ орныға бастайды, мұның өзі пәндердің ұлғаюы мен оқытушылар жүктемесінің арта түсуіне әкеледі. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарына университеттің «бет-бейнесін» көрсететін және оның ұлттық және халықаралық кеңістіктегі беделін қалыптастыратын өзіндік жеке білім бағдарламалары қажет. Білім берудегі әлемдік трендтерге жүйелі талдау жасап, басқа жоғары оқу орындарында пайда болған тәжірибе мен жаңалықтарды жылдам қабылдап, оларды өз білім бағдарламаларына енгізу керек.

Қазіргі таңда заманауи жоғары оқу орны, ең алдымен, бетке тұтар оқытушылар құрамымен ерекшеленеді. Мұндай жоғары оқу орындарында шәкірттердің сол оқытушылардан ғана білім алғысы келетін, сол оқытушылардың ғана берген білімі шынайы әрі болашағы зор болып көрінетін адамдар дәріс береді. Демек, жақсы мектеп қалыптасқан. Мұнда білім тікелей адамнан адамға, ұстаздан шәкіртке беріледі. Егер профессор ғылымға шын көңілімен ден қоймаса, ол қалай ғана жаңа идеялар мен әдістерден дер кезінде хабардар болып отырады? Жоғары оқу орны оқытушыларының еңбекақы деңгейінің төмен болуы педагогтардың кәсіби деңгейінің артуына кедергі болып отыр. Талантты ғалымдардың бизнес құрылымдарына кетуі жалғасын тауып келеді. Осы бір қауіпті дертті еңсеру үшін университетке мемлекеттік қолдау қажет болып отыр.

Ертеден келе жатқан салт-дәстүрлері бар, оқытушылар құрамы күшті, оқу бағдарламасы озық болып келетін жоғары оқу орындарында студенттерді әлдебір нақты мамандыққа үйретіп қана қоймай, соны­мен қатар, ерекше ойлау мәдениетін қалыптастырады, жаңа кәсіпті тез әрі сапалы меңгеруге үйретеді. Студенттік жылдарда туындайтын кәсіби байланыстар жас ұрпақтың бүкіл кейінгі өміріне өз әсерін тигізетін болады. Мұнда шынайы маңызды байланыстар орнап, өз құндылықтары мен басымдықтарына ие бірегей ортадағы пікірлестер шеңбері құрылады.

Еліміздің жоғары оқу орны мен студент жастары Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясының ұлан-асыр ойларын іске асыруда басты ресурс болып табылады. Қоғам қажеттілігіне сәйкес болу жоғары оқу орындарынан Тәуелсіз Қазақстан игілігі үшін тұрақты жақсару мен ілгері дамуды талап етеді.

Жамбыл ӘЙМЕНОВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің бірінші проректоры, академик.

Мәлімет көзі: egemen.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар