Апта басында М.Х. Дулати атындағы ТарМУ мен Германияның Хайльброн университеттерінің арасындағы келісім негізінде халықаралық басқару жөніндегі Қазақстан-Германия студенттерінің алғашқы семинары өз жұмысын бастады.
Семинар жұмысына неміс студенттерін Хайльбронн университетінің профессоры Ежи Яворский бастап келді. Бір аптаға созылатын шара барысында студенттер Қазақстан мен Германия, Орталық Азия елдерінің арасындағы экономикалық қарым-қатынастар жайында сөз қозғайды. Келесі жылы Астана қаласында өткелі отырған ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жұмыстары және одан күтілетін нәтиже туралы экономикалық сараптамалар да шетелдік студенттердің назарына ұсынылмақшы.
Халықаралық семинардың ашылу салтанатында сөз алған ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков бұл шараның тағы бірі ерекшелігі көптілділік бағдарламасын іс жүзінде сынап көруге мүмкіндік беруінде екендігін атап өтті.Өйткені, семинар жұмысы неміс, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сонымен бірге, өз сөзінде Махметғали Нұрғалиұлы ТарМУ-да соңғы жылдары өзге елдің жетекші оқу орындарымен байланыстың жандана түскендігіне ерекше назар аударды.
Бүгінде біздің университет әлемнің әр еліндегі 62 оқу орнымен және ғылыми орталықтарымен сенімді байланыс орнатты. Аталған оқу орындарымен болған екі жақты келісім негізінде қос дипломды білім беру, маман алмасу бағдарламалары бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, соңғы 3 жылда Германияның Хайльброн университетімен сенімді әріптеске айналдық. 2014 жылдан бері Хайльбронда біздің 3 студентіміз білім алып келді. Ақмоншақ Көкей есімді магистрантымыз әлі сол университетте білімін жетілдіру үстінде. Ол Баден-Вюртемберг шәкіртақысының иегері атанып та үлгерді. Сәйкесінше, осы оқу семестрінде Хайльброн университетінің студенті Дженнифер Керн біздің университет қабырғасында білімін жалғастыруға мүмкіндік алды деді, Махметғали Нұрғалиұлы.
Ал, Хайльброн университетінің профессоры Ежи Яворский ТарМУ студенттері мен оқытушыларының бірлескен жобаларды іске асыруда белсенділік танытуына ризашылығын білдірді. Жетекшісінің пікірін құптаған Хайльброн университетінің студенті Партус Виолетта да бұл семинар жұмысында халықаралық экономикалық байланыс саласының өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылатындығын тілге тиек етті.
Бір аптаға созылатын халықаралық семинар барысында неміс студенттерін өңірдегі ірі өндіріс ошақтарының жұмысымен таныстырып, оларға арнап облыс аумағындағы тарихи орындар мен көрікті жерлерге экскурсия ұйымдастыру жоспарлануда.
Дереккөзі: tarsu.kz