Новости науки

Қазақстанда білімге, инновацияға негізделген экономиканы дамыту қажет - Назарбаев Университеті

18.11.2014

8483

Қазақстанда білімге, инновацияға негізделген экономиканы дамыту қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университетінде «KazINNO» инновациялық жобалар байқауы жеңімпаздарының АҚШ-тың Кремний алқабында тағлымдамадан өту шарасын қорытындылауға қатысты өткен баспасөз мәслихатында Назарбаев Униерситетінің технологиялық паркі директоры Диаз Байсейітов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір әлемде барлық дамыған елдер білімге, инновацияға негізделген экономикаға көшіп жатыр.

«Яғни, ол елдерде шикізатқа емес, патентке, ноу-хоуға, өнертабыстарға, инновацияға негізделген экономика құрылуда. Сәйкесінше, олар жоғары технологиялық өнімдерді эскпортқа шығарады. Бұл тауарлардың қосылған құны өте жоғары. Неге? Өйткені, олардың құрамындағы шикізаттың құны тауар бағасының елу пайызын ғана құрайды. Ал қалған жартысы материалдық емес активтерге, яғни тауардың брендіне, патентіне негізделген. Түптеп келгенде қазір тауар емес, білім сатылып жатыр. Сондықтан, біз шикізаттың шырмауында қалып қалмас үшін, елімізде білімге, инновацияға негізделген экономика құруға талпынуымыз қажет. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан көп жұмыстар атқарылып жатыр. Инновациялық гранттар, инновациялық жобаларды коммерциялау үдерістері жүруде»- деді өз сөзінде Диаз Байсейітов.

Сонымен қатар, Диаз Байсейітов өзінің аталған байқауда жеңімпаз атанған жобасының болашағына тоқталды.

«Бұл жоба Қазақстанда гелиоколлекторлар жасауға арналған. Олар күн батареясына ұқсас болып келеді. Қара түсті. Келіп түскен күн сәулесінің 95 пайызын, жылу энергиясына айналдыра алады. Соның арқасында үйді де, суды да жылытуға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, үйді, суды жылытуға кеткен шығынды 50 пайызға едйін үнемдеуге болады. Алдағы жылы бұл жобаны өндіріске шығарамыз деген үміттеміз. Қазір жеке инвосторларды іздестіріп жатырмыз. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан грантқа қол жеткізсек деген үмітіміз бар» - деді Д. Байсейітов.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Последние новости