«KazINNO» инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары АҚШ-тың Кремний алқабында тағлымдамадан өтті. Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университетінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етілді.
«Биылғы байқау экономиканың агроөнеркәсіптік кешен, биотехнология, фармацевтика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, машина жасау және энергетика салалары бойынша өткізілді. Жалпы 450 астам жоба келіп түсті. Әр сала бойынша жеңімпаз деп танылған жобалардың жетекшілері Инновациялық жобаларды жедел дамыту бағдарламасы аясында АҚШ-тың Кремний алқабында үстіміздегі жылдың 26 қазаны мен 15 қарашасы аралығында тағлымдамадан өтіп қайтты. Калифорния штатында орналасқан бұл технологиялық орталықта қазақстандықтар стартап жобаларды жасау, оларды коммерцияландыру, бизнес моделдеу, нарықты зерттеу, команда құру секілді тақырыптар аясында тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, қатысушылар ORRICK, Womennation, Plug&Play, компанияларының негізін қалаушыларымен кездесіп, олардың дәрістерін тыңдады және осы алқапта жемісті еңбек етіп кекле жатқан басқа да кәсіпкерлермен кездесіп, олармен байланыс орнатты. Бұл байқаудың басты мақсаты - Қазақстанда инновациялық кәсіпкерлікті дамыту » - деді «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарушы директоры Бақыт Түлеев.
Айта кетелік, өткен жылы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен «KazINNO» атты қазақстандық инновацияларды қолдау бағдаралмасын қолға алған болатын.
Ол бойынша экономиканың маңызды салалары бойынша инновациялық жобаларға байқау жарияланады. Ал оның жеңімпаздары АҚШ-тың Кремний алқабы технологиялық орталығында тағлымдамадан өтеді. Биылғы байқау осымен екінші рет өткізіліп отыр.
Автор: Жаппарберген Айбота
Дереккөзі: inform.kz