Қазіргі таңда ақпарат тарату мүмкіншілігі бойынша интернет торабы алдыңғы қатарға шығып отыр. Газет, теледидар, радионың түгелге жуығы интернет торабында сайт немесе өз парақшаларын ашып, электронды ақпарат құралдарының саны күннен-күнге өсуде.
Ал интернеттегі әлеуметтік желілердің қолданушыларының орта жасы 7-ден 48-ге дейін болып отыр. Қазір кез келген ұялы телефонда әлеуметтік желілерге қосылу үшін қосымша бағдарламалар орнатылатын болды. Кез келген компанияның өз тауарларын жарнамалау мақсатында әлеуметтік желіде парақшалары бар. Тіпті Үкімет мүшелері, көптеген лауазымды тұлғалар интернетте өз парақшаларын, блогтарын ашып, сол арқылы өздерінің қызметіне байланысты ақпарат беріп отырады.
Әлеуметтік желілердің адамзатқа, әсіресе, жас ұрпаққа әсері соңғы кезде барлық елдерде ғалымдарды, билік өкілдерін, жастар тәрбиесімен айналысатын ұстаздарды алаңдатып отыр.
massaget.kz сайтының мәліметтері бойынша:
– Әр 20 минут сайын facebook-те бір миллион сілтеме таралады;
– Әр сағат сайын facebook-те 4,5 миллион адам қандайда бір іс-шараға шақыру алады;
– Әр минут сайын facebook-те 100 мың адам дос болып қабылданады;
– Барлық қолданушылардың 50 пайызы аптасына 1-5 сағат уақытын әлеуметтік желілерде сөйлесумен өткізеді;
– Әр секунд сайын 8 адам қандайда бір әлеуметтік желіге тіркеледі;
– Google-дегі іздеу саны күніне 1 миллиардтан асады;
– Адам саны жағынан Facebook Қытай, Үндістан елдерінен кейінгі әлемдегі үшінші «мемлекет»;
– Орта есеппен алғанда әрбір қолданушы өз аккаунтына күніне 2 рет кіреді;
– Жыл сайын әлемде шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін өмірден озады;
– Әлеуметтік желілер интернетте уақыт өткізудің тәсілі саналатын порнографиялық сайттарды басып озды;
– Әлеуметтік желі әлемдегі әрбір үшінші жұптың айырылысуының басты себепшісі;
– АҚШ елінде қиылған некелердің 10 пайыздан астамы әлеуметтік желілердің арқасы;
– Балалардың 80 пайызында әлеуметтік желілерде өздерінің жеке аккаунты бар;
– Жаңалықтар адамдарға басқа каналдар арқылы әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы келетін болғандықтан, әлемдік 25 газеттің 24-інде тираж саны азайған;
– Танымал әлеуметтік желілердің көбісі қолданушының өшірген суреттерін сақтайтыны анықталды;
– Facebook бар болғаны бір жыл ішінде 200 миллион қолданушы жинаған, ал телеөндіріске 60 миллион көрермен жинауға 13 жыл уақыт кетті;
– Бүгінде 5 компанияның төртеуі жұмысшыларды іздеу кезінде әлеуметтік желілердің көмегіне жүгінеді.
Ал Қазақстанда 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайда-ланады екен. Ең танымал әлеуметтік желілердің қатарында күніне 1 млн 125 мың рет қаралатын «Мой мир»
(3 миллионнан астам қазақстандықтар тіркелген), 558 мың рет қаралатын «Одноклассники», 252 мың рет
қаралатын «В контакте», 410 мың рет қаралатын «Facebook» -ті жатқызуға болады. Өкінішке қарай, қазақстандық ешбір сайт, портал мұндай кең аудиторияны әлі күнге дейін қамти алған жоқ. Күніне 350 мың қазақстандық ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ті
тұтынады. Әлеуметтік желілердегі әрбір екінші адам өзі жайында өтірік мәлімет жазатын көрінеді. Тарқатып айтсақ, олардың 29 пайызы есімі мен жасын, 23 пайызы отбасылық жағдайын, 22 пайызы түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы, 17 пайызы білімі мен жұмысына қатысты жалған ақпар беретін болып шыққан.
Қазақстанда интернет қолданушылар көбіне ресейлік сайттарды қарайтыны және бұл жайттың тұрақты өсіп келе жатқаны алаңдатады. Мысалға, Казнеттің ең танымал сайттарын қарау күніне 100 мыңдай ғана болады екен. Ал
МойМир@Маіl.ru сайтын қолданушылар саны екі жылда 185%-ға жеткен.
Profit.kz сайтының зерттеуі бойынша қазақстандық танымал әлеуметтік желілердің жағдайы төмендегідей:
Соңғы жағдайға келер болсақ, интернеттің қазақстандық бөлігі Казнетте ақпараттың аздығы және сапасы, әралуандығы жағынан төмендігі интернет қолданушылардың негізінен, ресейлік ресурстарды пайдалануына себеп болып отыр. Бұл өз кезегінде ресейлік сайттардан мәліметтер тасымалының (трафигінің) есебінен интернет тарифінің жоғарылауына, сол себепті белгілі бір мөлшерде Ресейдің пайдасына шешілетін қаржылық шығынға себеп болады, екінші жағынан, біздің елде әлі толық дами қоймаған интернет-жарнамалардың, оның ішінде өзге елдің бұйымдары мен қызметтерін ұсынатын, әртүрлі мазмұндағы (тіпті порнография, діни тақырыптағы материалдар да бар) талап етілмеген жарнамалардың, спамдардың көбеюіне жағдай туғызады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми мәліметтерінде қызметіне көптеген елдерде тыйым салынған діни-экстремистік ұйымдардың әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарды (оның ішінде порнографиялық сайттар да бар) пайдаланып, негізінен 18-25 жас аралығындағы жастарды арбап, өз қатарларына тарту фактілері көрсетілген. Ал әлеуметтік сайттарда жеке адамдар туралы небір биографиялық мәліметтер болатындықтан, кейбір елдердің арнайы қызметтері, қылмыстық топтар сайттағы мәліметтерді өз мүдделеріне пайдалану фактілері кездесіп жатады. Бұл өз кезегінде жеке адамдардың, қоғамның, ұйымдардың қауіпсіздігіне залал тигізеді.
Өткен жылғы компьютерлік антивирустарға қарсы программалар өндіруші «Касперский лабораториясының» жетекшісі, ресейлік бизнесмен Евгений Касперскийдің баласының ұрлануы, үстіміздегі жылы Ақтөбе қаласындағы 8-сыныпта оқитын қыз баланың mail.ru сайты арқылы тапқан таныстарының қолынан қаза болуы сияқты деректер көптеп саналады. Сол сияқты қазіргі кездегі компьютерлік, интернет клубтар жастар үшін спорт секцияларын, басқа да денсаулыққа пайдалы шараларды, тіпті таза ауадағы жай қыдыруды да ауыстыра алмайды. Ал компьютерлік ойындарға, интернетке деген аса қызығушылық, одан туындайтын тәуелділік материалдық шығындарды айтпағанның өзінде, басқа да орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Бұдан басқа, әлеуметтік желілерде елдің конституциялық құрылымын, тұтастығын күштеп бұзуға шақыратын, нәсілшілдікті, рушылдықты, діншілдікті, өзге ұлт өкілдеріне төзбеушілікті уағыздайтын материалдар да кездеседі. Араб елдерінде әлеуметтік желілер көмегімен болған «твиттерлік төңкеріс», Жаңаөзен оқиғасы осыны тағы бір дәлелдеп берді. Біріншіден, әлеуметтік желідегі ақпараттың барлығы шынайы бола бермейтіні белгілі. Екіншіден, ақпарат жылдам әрі көп адамға тарап кетеді. Ал ереуіл ұйымдастырушылар әлеуметтік желіні жақсы пайдалана білді.
Кез келген мемлекет өзінің ұлттық қауіпсіздігіне аса көңіл бөледі. Қазақстан да демократиялық бағыт ұстанған, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде өзінің қауіпсіздігін, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі. Сондықтан да ақпараттық қауіпсіздіктің нормативтік-құқықтық қамтамасын дамыту мақсатында «Ақпараттандыру туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы», «Жарнама туралы», «Байланыс туралы», т.б. заңдар, «Ақпараттық қауіпсіздік тұжырымдамасын қабылдады». Ал қоғамдық ұйымдар, Журналистер одағы мен конгресі тарапынан бірқатар келіспеушілік тудырған 2009 жылы 10 шілдеде қабылданған «Ақпараттық-коммуникациялық тораптардың мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда негізінен, интернет желісінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін ақпаратты таратпау, осы мақсатта провайдерлердің жауапкершілігін күшейту мәселелерін реттейді.
Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да «Интернет кеңістік және қауіпсіздік» ғылыми орталығы ашылып, қызмет етуде. Кейіннен осындай орталықтар ашу мүмкіншілігін қарастыру 5 ЖОО-ға жүктелді.
Интернет торабын, әлеуметтік желілерді ауыздықтау мүмкін емес. Алайда қоғамның дұрыс дамуы үшін, жас ұрпақтың адами келбетіне, денсаулығына, ой-өрісіне келетін зиянды азайту мақсатында:
– Отандық әлеуметтік желілерді дамытып, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету;
– Интернеттің ұлттық ресурстарын, әсіресе, қазақ тілінде балаларға арналған ресурстарды дамыту;
– Педагогог ғалымдар тарапынан компьютерлік оқыту формаларын зерттеп, әдістемелік нұсқаулар жасау, сонымен бірге балалар, жасөспірімдер, ата-аналар арасында жүйелі түрде компьютерлік ойындармен, әлеуметтік желілермен аса әуестенудің зияндығы туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;
– Жасөспірімдер арасында ақпараттық мәдениет тақырыбына зерттеулер, арнайы курстар өткізу қажет деп есептейміз
Р.БЕРДІБАЕВ, саяси ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі
Источник: baq.kz