Халықаралық конференциялар

Отандық дәрі өндірісіне не кедергі?

14.08.2014

10701

Біз ғой көбінесе дертімізге дауа іздегенде отандық дәрі-дәрмектен гөрі шетелдік қымбатына жүгіреміз. Ондағы ойымыз қымбат дәрінің берер нәтижесі де тез әрі оңды деген қағидаға сүйенгеніміз. Тіпті қайсыбіріміз дертімізге дауа болар дәріні «айшылық алыс жерлерден» ғаламтор арқылы да алдырып дертімізге дауа іздеп жүрміз. Ал күні кеше еліміздегі фармацевтік өнімдердің дестрибютерлері қауымдастығы нақ осы дәрі-дәрмек саласындағы сапаға байланысты біздің назарымызды аударған бірқатар деректерді алға тартты.

Мәселен, деректерге жүгінсек, біздің бұқара жылына 120-130 млн теңгеге жасанды дәрі-дәрмектер сатып алатын көрінеді. Демек, бұл – миллиардтаған теңгенің желге ұшып жатқанының айғағы. Желге ұшқаны – өз алдына, қып-қызыл ақшаға сатып алған дәрі дәру емес, ауруды одан сайын асқындыратын болып шықса, онда кімді жауапқа тартамыз? Алаш айнасы бұл жөнінде ой қозғауды да жөн көрді.

Жалпы, отандық сарапшыларымыздың дені «импортты дәрі-дәрмектерге трансұлттық, әлемдік проблема деп қарау керек. Бұл өнімдер елге сырттан әкелінеді деп айтамыз, бірақ қайсыбірі өзімізде де өндірілуі әбден мүмкін. Сондықтан жалпы импорт дәрі-дәрмекке қатаң бақылау керектігі, өндіріске алдымен отандық дәрі-дәрмектерді енгізу қажеттігі даусыз» деп отыр.

Сарапшыларымыз осылай деп жатқан тұста отандық ғалымдарымыз қазақстандық дәрі өнімін өндіруге, оны қолданысқа енгізуге әлі де айрықша мән берілмей жатқанын алға тартты. Мысалы, қазірде көптеген елдерде отандық дәрі-дәрмегінің сапасын ұлғайту мақсатында дәрі шығаратын ірі зауыттардың қасынан шағын зауыттар ашу үрдісі жетіліп отыр. Осы үрдіс арқылы дамыған елдер фармацевтикасын тереңдете дамытуға мән беруде. Ал бізде өкініштісі, мұндай еңбектер еленбей де жатады.

Хакім Суербаев, химия ғылымының докторы, профессор:

– Бір ғана біздің «Мұнайхимиялық синтезді зерттеу» зертханасы турасында сөз етер болсақ, біз осыдан біраз уақыт бұрын жүрек дертін емдейтін валидол, корвалол тәрізді дәрілерді өзіміз жасаған жаңа, экологиялық тұрғыдан таза, ұтымды тәсілдермен өндіруге болатынын дәлелдедік. Білетін шығарсыз, қазірде біз бұл дәрілерді Украина, Ресейден импорттаймыз. Осы дәрі-дәрмектерді Қазақстанда шығара алатынымызды дәлелдеп, оған тиісті орындар тарапынан берілген арнайы лицензиясын, патентін бәрін алдық. Бұл дәрілерді осы жасалған жаңа тәсілдермен өнеркәсіптік түрде өндіру Елбасының өзі қол қойған «Қазақстан Республикасының фармацевтикалық және медициналық өнеркәсібін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» (1997 жыл) кірген еді. Бірақ ол сол күйінше өндіріске де енгізілмеді, жарқ етіп жарыққа да шықпады. Себебі елдегі кәсіпорындар «отандық өнімді өндіріске енгізгеннен гөрі шетелден импорттаған тиімді» деп шешті. Біз әлі күнге дейін осы аталған дәрілерді шетелдерден тасымалдаймыз. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Отандық нарықта қазір Үндістаннан, Германиядан, Түркиядан, Қытайдан келген дәрілер қаптап кетті. Тиісті орындар мұның соңы ұлт денсаулығына, айналып келгенде, өзінің ұрпағының денсаулығына қауіп төндіретінін сезбей ме, әлде сезінгісі келмей ме – түсініксіз.

Осылайша ғалымдар сөз етіп отырғандай, елдегі кәсіпорындар отандық өнімді өндіріске енгізгеннен гөрі, дәрі-дәрмекті шетелден импорттағанды жөн санайтын көрінеді.

Негізінен отандық дәрі-дәрмек өндірісен қатысты біз Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісінің отандық үлесін 50 пайызға жеткізу мақсатында «2010-214 жылдарға арналған фармацевтика өндірісін дамыту туралы» бағдарламаны қабылдағанбыз. Ондағы мақсат – осы төрт жыл аралағында қазақ жерінде дәрі шығаратын өндіріс орындарын көбейту болатын. Сөйтіп, арнайы бағдарлама қабылданып, алға мақсат қойылып, фармацевтика саласын атағы дардай бағдарлама бойынша өркендететін болғанбыз. Бағдарлама қабылданған тұстан бастап елде 2014 жылға дейін 12 дәрі шығаратын шағын зауыт салу жоспарланған. Мұндай зауыттарды іске қосу қазіргі дәрі өндірісіндегі қол жеткізіп отырған 10 пайыздық көрсеткішімізді 50 пайыздық межеге жеткізбек. «Десек те, дәрі шығаратын шағын зауыттар салу үрдісі ортамызға әлі де сіңісті бола алмай жатыр» дейді мамандар.

Бұл мәселеге қатысы мамандардың пайымдауынша, отандық дәрі-дәрмек үлесін көбейту үшін алдымен модернизацияға мән бергеніміз жөн. Ол үшін бірінші кезекте қазірдің өзінде дәрі шығарумен айналысып жүрген Шымкенттегі «Химфарм» зауытын және Қарағандыдағы «Фитохимия» зауыттарын модернизациялауға көшу керек. Сол дәрі шығаратын зауыттардың қасынан дәріні өңдейтін шағын зауыттар ашып, химия өндірісін дамытуымыз қажет.

Дәурен Арын, сарапшы-маман:

– Біз қазірде өндірілген мұнайды шикізат күйінше шетелге экспорттап пайда тауып отырмыз. Бірақ мұнайдан ең соңғы дайын өнім алуды біз әлі де үйренбедік. Елдегі дәрі-дәрмек саласы да осы іспетті. Өкініштісі, осы уақытқа дейін дәрі-дәрмек саласын модернизациялауды үйреніп, одан сапалы өнім алуды жетік меңгерсек, пайдаға кенелер едік. Нарықта дәрі-дәрмектің 10 пайызын ғана өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Ал қалған 90 пайыздық сұраныс – импорттың еншісінде. Қынжыларлығы сол: 2010-2014 жылға дейін дәрі-дәрмек саласындағы үлесті 50 пайыздық межеге жеткізудің ауылы бізге әлі алыс. Егер осы жылдар аралығында елдегі дәрі шығаратын зауыттардың маңынан шағын зертханалық зауыттар, цехтар салынып, модернизацияға мән берілмейінше, 50 пайыздық меже тек арман болып қала бермек. Жалпы, дәрі-дәрмектің 80 пайызын сырттан тасымалдау қазаққа төнген қауіп. Ұлттың денсаулығын ойласақ, оның ауырып ем іздегенде ішетін дәрі-дәрмегін де сапалы еткен жөн. Олай етпесек, 80 пайыздық межеде импорттық дәрі тұтыну денсаулықты нығайта алмайды.

Сөйтіп, мамандарымыз елдің сұранысын қамтамасыз ететін дәрі-дәрмектің 80 пайызының сырттан тасымалдануы ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретінін ашық айтып отыр.

Бұған қоса, отандық тұтынушылардың қайсыбірі сапасыз дәрі-дәрмектерді тұтыну арқылы дертіне дерт жамап алып жатқаны тағы бар. Осы ретте «Адал» тұтынушылар құқын қорғау бірлестігінің төрайымы Артық СЕЙТҚАЛИЕВА «Рас, тұтынушыларымыздан дәрі-дәрмектің сапасына қатысты арыз-шағымдар жиі түседі. Бағасы қымбат болса да, импорт дәрілердің көбісі дертіне дауа болмай, керісінше ауруы созылмалы болып, шығынға ұшырап жататын тұтынушылардың шағымы да жетіп-артылады. Сондықтан өз басым дәрі өндірісіндегі отандық үлесті арттыру қажет деп есептеймін» деп пікір білдірген-ді.

Тіпті қайсыбір сарапшылардың пайымдауынша, бізде тыйым салынған дәрілердің өзі сатылымға қайта түсіп кететін жайттар да аз емес. Осыған қарап-ақ фармацевтика саласындағы бақылауды нықтай түсу қажеттігін пайымдай беруге болады емес пе?!

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

Дереккөзі: alashainasy.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар