EXPO-2017

Болашақ сәулетшілер жүлделі орында

22.01.2015

8567

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультеті «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасының магистранты Екатерина Резанова «Ғимараттарды энергиялық жағынан тиімді жобалау және салу» тақырыбында өткен республикалық конференция жарысынан жүлделі І орын иеленді. Жарыс 2014 жылдың 12 желтоқсанында Астана қаласында Қазақстандағы Біріккен Ұлттар ұйымы Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Ғаламдық Экологиялық Қор (ҒЭҚ) және Қазақстан Республикасының Үкіметінің ұйымдастыруымен өтті.

Жарысқа ТарМУ-дың «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасы студенттерінің 3 дипломдық жұмысы қатыстырылған. ТарМУ магистранты Екатерина Резанова «Тараз қаласындағы тұрғын үй» жобасымен І орын алып, оған Lenova ноутбугы сыйға тартылды. Ал Алтынай Төлешева «Қарахан кесенесін реконструкциялау және Тараз қаласында мұражай мен медресенің салынуы» жобасымен, Рүстем Төлендиев «Тараз қаласындағы бесжұлдызды қонақүй» жобасымен арнайы сертификаттармен марапатталды. Үш студенттің жобалар бойынша ғылыми жетекшісі – «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасының аға оқытушысы Ноғайбекова Манат Түзелбекқызы.
Жарыс республика бойынша «Құрылыс», «Инженерлік желілер» және «Сәулет» мамандықтарында оқитын студенттер арасында өткізілді. Байқаудың негізгі мақсаты – энергия үнемдейтін ғимараттарды жобалау және салуды насихаттау. Сондай-ақ, осы өзекті тақырыпқа студенттерді қызықтыру, осы саланың болашақ мамандарына қолдау көрсету.
Байқауға барлығы 12 үздік жұмыс қатыстырылды. Әділқазы алқасы Екатеринаның жұмысындағы ғимаратты жобалауда жылу-техникалық есептемесін, нормативтік-техникалық құжаттама бойынша энергия үнемдеу деңгейін анықтауын, терезе конструкцияларын таңбалауын, жаңа технологияларды сауатты қолдануын ерекше бағалады.
Республикалық байқаудан І орын алған Екатеринаның жобасы дипломдық жұмыс ретінде 2014 жылы қорғалған. Қазір ол магистратураның 1-курсында оқуын жалғастыруда. Профильді Қазақ Бас Сәулет-құрылыс академиясының студенттерін артта қалдырып, көпсалалы Тараз мемлекеттік университетінің мәртебесін асқақтатқан болашақ сәулетшіге шығармашылық табыс тілейміз.

Дереккөзі: tarsu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар