Өзектi

Әлемнің назарын аударған 67P/Чурюмова-Герасименко кометасы Қазақстанда ашылған

18.11.2014

7643

Бүгінде дүниежүзі ғалымдары «Розетта» (Rosetta) еуропалық ғылыми ғарыш зондының «Фила» (Philae) зерттеу роботы алғаш рет 67P/Чурюмова-Герасименко кометасына қонғанын жарыса жазып жатыр. Сөз жоқ, бұл әлем ғалымдарының ғарыш саласын игерудегі айтулы жаңалық болып саналады. Осы ретте біздер әлемнің назарын аударған жаңалықтың орын алуына Қазақстанның да қосқанын үлесі біле бермейміз.
Таяуда «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы баспасөз қызметіне еліміздегі В.Г. Фесенков атындағы Астрофизикалық институты директоры Шыңғыс Омаров хабарласып, ғарыш кеңістігіндегі 67P/Чурюмова-Герасименко кометасын 1969 жылы тамыз айының аяғында алғаш рет Қазақстанда ашылғанын алға тартты.
– Еуропалық ғалымдардың «Фила» зерттеу роботын 67P/Чурюмова-Герасименко кометасына қондыруын маңызды жаңалық деп қабылдаймыз. Бұл жайында қазір дүниежүзі ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Сол ақпараттардың арасында 67P/Чурюмова-Герасименко кометасы қалай анықталғаны жайында мүлде айтылмайды. Ғарыш кеңістігіндегі кез келген нысанды анықтау үлкен ізденіс пен қажыр-қайратты қажет етеді. 1969 жылы ҚазКСР ҒА қарасты Астрофизика институтының обсерваториясында қазақстандық ғалымдар Когоутек кометасы мен өзге де аспан денелерін бақылауға алған еді. Ол кезде біздің институттағы Мениск телескопы астроном ғалымдарды қатты қызықтыратын. Сондықтан одақ көлемінде танылған астро-физиктер Қазақстанға жиі ат басын бұрып, аталған телескоппен аспан денелерін зерттейтін. 1969 жылы Киевтен жас астрономдар Светлана Герасименко мен Клим Чурюмов келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бір күні олар алып телескоп арқылы түсірген фотоларды қарап отырып, бұрын-соңды ғылымда белгісіз болып келген жаңа аспан денесін тапты. Бұл – бүгінде әлем ғалымдары үстіне ғарыш құрылғысын қондырған 67P/Чурюмова-Герасименко кометасы болатын. Жаңа кометаға ғалымдардың құрметіне орай олардың аты берілгені белгілі. Осылайша Қазақстанда зерттеу жұмысын жүргізген қос ғалым елдеріне маңызды ғылыми жаңалық ашып, үлкен қауанышпен қайтқан-ды. Бүгінде әлемнің назарын аударып отырған комета ең алғаш Қазақ топырағанда анықталды. Біздің журналистер ақпарат таратқанда осы жағында ескергенін қалаймын. Мұндай ақпараттар ғылымға ден қойған жастардың патриоттық сезімін оятатыны анық, – деп В.Г. Фесенков атындағы Астрофизикалық институты директоры Шыңғыс Омаров ойын бізбен бөлісті. Соңғы уақыттары қазақ ғылымы құлашын кеңге жайып, қарқынды дамып келе жатқаны белгілі. Бұған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғылымға жасаға қамқорлығы айрықша ықпал етіп отырғанын айта кетуіміз керек.
«Розетта» ғылыми ғарыш зонды осыдан 10 жыл бұрын ғарыш кеңістігіне көтеріліп, 67P Чурюмова-Герасименко кометасын бетке алған болатын. Ол 10 жылда 500 млн. шақырым жол жүріп, «Фила» зерттеу роботын 67P Чурюмова-Герасименко кометасына жеткізді. Аппараттың қону сәтін Германияның Дармштадттағы Еуропалық ғарыш операциялар орталығы арқылы Мәскеудегі Еуропалық ғарыш агенттігің (ЕҒА) тұрақты өкілдігінде тікелей көрсетілген болатын. Бұл оқиғаның жерден үлкен алшақтығы салдарынан қону туралы сигнал 28 минут кешігіп алынған. Қонуға дейін жеті сағат қалғанда робот зондтан бөлінгенін ғалымдар алға тартты. Сол кезде оның және комета ядросының арасындағы қашықтық 20 шақырымды құраған.

Нұрлан ЖҰМАХАН, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы баспасөз қызметінің жетекшісі.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар