Әлемдегі ғылым

Адай жылқысы дербес тұқым ретінде танылды

30.01.2024

325


Сурет https://egemen.kz/ сайтынан алынды. 

Адай тұқымды қазақ жылқысы енді дербес тұқым ретінде танылып, заң жүзінде бекітілді. Бұл жануарды ғылыми тұрғыдан тануды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тапсырған болатын. 
Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары заманауи технологияны пайдалана отырып, жылқылардың генетикалық құрылымын анықтау үшін ғылыми сынақтар жүргізді. 

Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Артықованың мәлімдеуінше, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесін ескеріліп, қазақтың адай тұқымды жылқысының ерекшеліктері заң жүзінде қорғалған. Енді жылқы өсірушілер адай тұқымын сақтау, өсіру және насихаттаудың қосымша тетіктерімен қамтамасыз етілетін болады. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Апробация жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытындысы негізінде Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институты Адай жылқысының жаңа 6 тұқымын «селекциялық жетістік» ретінде тіркеді. Мұнда 3 патент – мініс аттарына, 2 патент – ішкітұқым түрлеріне және 1 патент  «Адай тұқымы» жылқысына берілді. Соның негізінде 6 тұқым да селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркелді. Патент иеленушінің селекциялық жетістікті пайдалануға айрықша құқығын, оның басымдығы мен селекционердің авторлығын куәландыратын патенттер берілді. 
Ғылыми-зерттеу институттары, мемлекеттік құрылымдар мен ғалымдар Адай жылқысын селекциялап, іріктеуге, яғни жаңа тұқымдарын алуға күш салады. Бұған бюджеттен қаражат қарастырылады, деп жазады Айқын газеті. 

Адай жылқысын ұлттық бренд ретінде тануда Маңғыстаудың барлық ауданы қамтылып, 1400-ден астам қазақтың адай тұқымды жылқысын тексерілген. 
Қазақ жылқысы Арал-Каспий ойпатындағы жергілікті жылқы популяциясының көп жылғы халықтық селекциясының негізінде өсірілді.
Бұл тұқымның жылқылары жергілікті қатал климаттық жағдайларға жақсы бейімделген, ерекше төзімді әрі шөлге шыдамды да жүйрік. 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар