Өзектi

Кәкімжан Сарханов: «Сұранысқа ие өнім шығаратын орта құру керек. Бүгінде, өкінішке қарай, бұл бағытта, әсіресе ауыл шаруашылығы ғы­лымы идеяларына, өнімдеріне өндіріс­тен сұраныс айтарлықтай төмендеп барады. Бұл жағдайды реттеу ғылымды қаржыландыру мәселесінен де маңызды деп айтуға болады..."

10.12.2020

3337

– Кәкімжан Ахмеджанұлы, Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жыл­ға қарай 3 млн гек­тарға дейін ұл­ғайтуымыз керек» деді. Мұның аг­рарлық секторға тигізе­тін ық­палы қан­шалықты болмақ?

– 1980 жылдары елімізде суармалы жер көлемін он жылда екі есеге арттырудың нәтижесінде ауыл шаруашылығында шартты мал басы 94,8 млн-ға жетті (бүгінде 45,0 млн деңгейінде), жылына 350 мың тонна ет экспортталды. Мен ертеректе Жезқазған облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасына басшылық жасаған кезде аймақта 2000 гектар суармалы жер көкөніс, картоп, мал азығы өсім­діктер өсіруге пайдаланылды. Ол кезде эне­ргоресурстар (су, электр энергия) ба­ғасы төмен де тұрақты болды. Пайдасы ұшан-теңіз болды деп айта аламын.

Дегенмен суармалы жерлерді игеру мәселесіне жан-жақты ойласып кі­ріскен дұрыс. Себебі бүгінде бұл іс-шара тұрақты жоғары өнімділігімен қоса, айтарлықтай шығынды да қажет етеді. Сондықтан шаруашылықтардың өз бетінше суармалы жерлерді игеріп кетуі қиын, бастапқыда ауқымды субси­диялық көмекті қажет етеді. Демек, егіс­­тік алқаптарды суландыруға байланысты шығын көлемін, шаруашылық құрылымдары өндірісінің нормативті көрсеткіштеріне сай қалыпты табыстылық деңгейін реттеп отыратын арнайы мем­лекет-жекеменшік әріптестігі не­гізін­де кәсіпорындар құру қажет.

Бұрын тиімділігімен ерекшеленген көлтабан (лиман, табиғи су жиналатын ойпат жерлер) жерлерді қайта қол­данысқа енгізудің де тиімділігі мол. Бұл іс-шара бәлендей шығынды қажет ет­пейді. Шаруашылықтар кезінде оларды шабындық ретінде пайдаланып, мал азы­ғы қорының 30-50%-ға жуығын көлта­бан­дардан дайындаған.

– Мемлекет басшысы «Кәсіби ма­ман­дардың тап­шылығы, сондай-ақ аграрлық ғы­лым­ның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер» деген болатын. Жалпы, осы салаға ғы­лым­­ның енгізілу барысында қандай проб­­лемалар кездесіп отыр?

– Мемлекет басшысы ауыл шаруа­шы­лығы мүмкіндіктерінің толықтай пайдаланылмай отырғанын айта келе, ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар екенін айтты. Өкінішке қарай, бүгінде еліміздің аграрлық ғылымы кенжелеп тұр. Экономиканың қай саласы болсын, оның тиімділігі бірінші кезекте ұйымдастыру-басқару жүйесінің оңтайлылығына бай­ланысты. Қазақстанның ауыл шаруашы­лығы ғылымының тарихи деректеріне көз жіберсеңіз, тұнғыш ауыл шаруашылығы ғылымына басшылық жасайтын құры­лым 1941 жылы Ленин атындағы Ауыл шаруашылығы академиясының Қазақ­стандағы филиалы ретінде құрыл­ға­нын, бірнеше мәрте дербес академия болғанын, одақтық Ауыл шаруашылығы ака­де­миясының Шығыс бөлімшесі болғанын, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ғылым-білім министрліктерінің құра­мында болғанын көресіз. Бүгінгі құр­лымдық жүйесі Ауыл шаруашылығы министр­лігінің құрамындағы ғылыми-зерттеу институттарын, үш аграрлық уни­верситетті топтастырған «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ түрінде болып отыр. Мен осы жо­ғарыда аталған ғылыми басқару құ­ры­лымдарының көбінің өңірлік бөлім­шелеріне басшылық жасадым, соңғы­сының ресми құжаттар жобасын дайын­дауға да қатыстым.

Министрлік құрамында қайта құ­рылған «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ-ның мақсаты – ауыл шаруашылығы ғылымы, оқу орындары, өндірісі салаларының үйлесімді байланысын қалыптастыру болды. Бірақ бұл бағытта ойлағандай нәтиже жоқ. Менің ойымша, аталған тың құрылым өндірісті айтпағанда, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында тиімді қарым-қатынасты үйлестіре алмай отыр. Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы ғылыми – өнімдерді өндіруші құрылым, яғни орындаушы. Оның тапсырыс беруші әрі қаржыландырушыға, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағыныштылығы, нарықтық қатынаста ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасына, екі жақты жауапкершілікке де кері әсер ететіні әлемдік тәжірибеден де белгілі жағдай ғой. Сондықтан жоға­рыда айтылған жайттарды сараптай келе, дербес немесе Ұлттық ғылым акаде­мия­сының құрамындағы құрылым болса немесе тікелей Үкіметке қарайтын ауыл ша­руа­шылығының ғылыми басқару жүйесі құрылса тиімді болады деп санаймын.

Сонымен қатар еліміздің ғылым саласын ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол нағыз ғалымдар басқарса деген тілек те бар. Мысалы, даңқы әлем­ге әйгі­лі Қ.Сәтбаев, атақты геолог Ш.Есе­нов, Ле­ниндік сыйлықтың лауреаты М.Айтхо­жиндер Қазақ КСР Ғылым академиясын, Ауыл шаруашылығы ғылыми меке­ме­лерін басқарған уақыт Қазақстан ғы­лы­мының шарықтау кезеңі болған-ды.

– Ғылыми зерттеулер мен олардың тәжірибедегі қолданысы қан­ша­лықты дамыды?

– Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Ұлттық ғылым академиясының прези­денті Мұрат Жұрыновпен кездескенде Қа­зақстан ғылымының дамуы, отандық ғылыми өнім­дердің өндірісте пайдаланылуы, ғылы­ми-зерттеулердің экономикалық мақсат­тылығы туралы айта келе, жалпы ғылым саласы елдің экономикасына жұмыс істеу керек деп тұжырымдаған болатын. Бүгінде, өкінішке қарай, бұл бағытта, әсіресе ауыл шаруашылығы ғы­лымы идеяларына, өнімдеріне өндіріс­тен сұраныс айтарлықтай төмендеп барады. Бұл жағдайды реттеу ғылымды қаржыландыру мәселесінен де маңызды деп айтуға болады. Оның негізгі себептері: аграрлық құрылымдардың басым бөлігінің шаруашылық жүргізу жүйелерінің тиім­сіз­дігі; ғылыми өнімдердің өндірістің сұра­ны­сынан алшақтығы.

Кез келген жаңалықты өндіріске ен­гізу қосымша қаражатты қажет етеді, ал бү­гінгі үлес салмағы басым ша­ғын ша­руа­шы­лықтар оны «ауырсына­ды». Осы орайда Сингапур елінің тәжірибесін айтқым келеді. Бұл ел қолданбалы ғылыммен айналысатын құрылымдардың өнімін өндірісте игеруге байланысты шығындарды мемлекет тарапынан қаржыландырады екен. Сондықтан да бірінші кезекте сұра­нысқа ие өнім шығаратын орта қалып­тастырсақ, ғылымды тиімді дамыту жүйе­сі өздігінен пайда болады.

Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы құрылымдары көбіне ғылыми жетістік­тер­ді игергеннен гөрі, тиімділігі дүда­мал басқа мүмкіндіктерге иек артады. Ауыл шаруашылығы өндірісін әділ бәсе­келестікке ынталандыратын салықтық және басқа да экономикалық тетіктерді қарастыру керек.

– Ғылым саласын қаржыландыру көлемінің аздығы туралы көп айтылады. Бұған қатысты пікіріңіз қандай?

– Дамыған елдердермен салыстырсақ, бізде ғылым саласын қаржыландыру көр­сеткіші өте төмен екені рас. Мысалы, АҚШ-та бұл көрсеткіш ІЖӨ-нің 4 па­йызын құраса, бізде 0,3 пайыз деңгейінде қалып отыр. Сондай-ақ нарықтық экономикада, ғылымды қаржыландырудың деңгейін «ғылым құны» деген көрсеткіш арқылы анықтау кеңінен қолданылады, ол деге­німіз – ғылыми құрылым бюджетінің бір қызметкеріне тиесілі үлесі. Мысалы, Германияда орташа ғылыми-зерттеу инс­титутында бұл көрсеткіш жылына 35,4 млн теңге болса, бізде 3-4 млн теңгеден аспайды. Бұл тек жалақы ғана емес, бұған ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқаруға қажетті шығындар да кіреді.

Дегенмен дамыған елдердегі өндіріс, еңбек өнімділігі бізбен салыстырғанда еселеп жоғары екенін де ескеруіміз керек. Сондықтан бүгінгі ғылым саласындағы басты проблема бөлінген қаржыны тиімді пайдалануда дер едім.

– Сіз Қазақ агротехникалық универ­сите­тінде біраз жыл ұстаздық қызмет ат­қар­дыңыз, ауыл шаруашылығы маман­­дарын даярлау туралы не айтар едіңіз?

– Университет қабырғасында жүріп білгенімді студенттерге жеткізумен қатар, өзім де біраз жайттарды ұғынғандай болдым. Мысалы, шетелдік екі деңгейлі білім беру жүйесінің де бізге тиімді де тиімсіз жақтарына көзім жеткендей болды. Ай­талық, ауыл шаруашылығы жоғары оқу орын­дарында оқу-тәжірибе базаларын тиісті деңгейде жасақтау – кезек күттір­мейтін мәселе. Себебі бүгінде жасыратыны жоқ, студенттердің оқу барысында тәжірибе жинақтауына сай келетін шаруашы­лық құрлымдары жоқтың қасы.

Сондай-ақ шетелдік университеттерде жиі қолданылатын маңызды тәжірибе бар. Ол – қандай да бір маңызды тақырыптар бойынша сырттан тәжірибелі ғалым-мамандарды шақырып, дәріс оқыту жүйесі. Осыны біздің университеттерге де енгізсе, оның берер пайдасы аз болмас еді.

– Бүгінде ауыл шаруашылығы ғы­лымы алдында қандай маңызды ғы­лыми-зерттеу жұмыстары тұр?

– Бірінші кезекте нарықтық экономика талабына сай «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңды жетілдіру қажет. «Жергілікті өзін өзі басқару», «Жеке қосалқы шаруашылықтары туралы» сынды заңдардың жобасын дайын­дауға атсалысу да ауыл шаруашылығы ғылы­мының енші­сін­дегі ауқымды жұмыс­тардың бірі деп ой­лаймын.

Сондай-ақ тиімді шаруашылық жүр­гізу үлгілерін, ауыл шаруашылығы өндірі­сін субсидиялаудың оңтайлы, өтімді тетік­терін, еліміз ауылдық аймақтары бойын­­ша мал, егін шаруашылықтары түрле­рін тиімділіктерімен байланыс­тыра аудан­дастыру жобасын жасау да аграр­лық ғы­лымның бүгінгі таңдағы өзекті мәселе­лері.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»

https://egemen.kz/article/256481-kakimdgan-sarkhanov-suranysqa-ie-onim-shygharatyn-orta-quru-kerek

«« | »»
Соңғы жаңалықтар