Өзектi

Қазақстанда ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыратын заң қабылданды

09.10.2015

5454

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Құжаттың мақсаты отандық ғылым саласының нәтижелілігін, инновацияларды енгізудің деңгейін арттыру және экономика дамуының басым бағыттарында жоғары технологиялық өндірісті дамыту болып табылады. Бұл ретте заң арқылы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды ынталандырудың мемлекеттік шаралары қамтылып отыр. Атап айтқанда, бизнестің қосалқы қаржыландыруын қоса алғанда, бюджет қаражатынан коммерцияландыру жобаларының гранттық қаржыландырылуы көзделеді.

Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, коммерцияландыру орталықтарының, ғылыми қызмет нәтижелерінің авторларын қолдау шаралары қаралады. Сонымен қатар өндіріске инновацияларды енгізу бойынша жұмыстарды қаржыландыру тетіктері қамтылады. Ғылыми гранттар мен бағдарламалардың құрылымын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қажеттіліктеріне қайта бағдарлау қарастырылады.

«Заң жобасы арқасында бизнеске отандық технологиялар мен зерттемелерді ынталандыру шаралары қамтылып отыр. Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының инновациялық инфрақұрылымының аса маңызды буын ретіндегі рөлін күшейтуге баса назар аударылып отыр», - дейді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар