Өзектi

«ЕЛІМІЗДІ РОБОТТАНДЫРУ» ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ!

08.09.2014

7351

Қазақстанда жұмыс қолының жетіспеушілігі байқалуда, бұл проблеманы шешу үшін «елді роботтандыру» жобасы жүзеге асырылмақ. Nazarbayev University Research and Innovation System бас директоры Қанат Байғарин осындай қызықты пікір айтты. Ол сондай-ақ бүгінде Назарбаев Университетіне шетелде жүрген көптеген қазақ ғалымдары шақырылып жатқандығын хабарлады. Олар өздерімен бірге озық ойларды, жоғарғы технологияларды әкелуде.
– Бүгінде ғылым интер­нацио­нал­­ды, – деді Қ.Байғарин. – Сон­дық­­тан Назарбаев университетіне шет­елдік ғалымдар да көптеп тар­тылу­да. Олар біздің ғылым ордамыз­да, Астанада өздерін бөтен сезін­бей­ді. Бұл инновацияны ендірудегі өте маңыз­д­ы фактор. Қазіргі кезде НУ-дағы 300-дей профессордың 90 пайыз­­дайы – шетелдіктер. Бұл – ака­­демиялық процеске қатысу­шы­лар. Ал ғылыми орта­лық­та­рында 160-қа жуық ғалым жұмыс жасайды, оның көбі «болашақ­тық­тар». Сон­дай-ақ өзіміздің қандас ға­­­лым­дар­дың да елге қайтуына үл­кен мән бе­­рілуде.
Оның айтуынша, тек 90-ғана емес, 80-жылдары да көптеген жас та, жасампаз ғалымдар шетелге кетіп қал­ды. Соңғы 20 жыл ішінде олар әлем­дік жетекші елдерде бейімделіп қа­на қоймай, жетістіктерімен таны­лып, көзге түсті. Бұл ғалымдардың тә­лім-тәжірибесі өте құнды: олар өз­дері үшін мүлдем бөтен болған на­рықтық, қатаң бәсекелестік ор­та­да аман қалып қана қоймай, ілгері озу­дың жолдарын меңгерді. Бүгінде олар­дың ақыл-ойлары толысқан, ен­ді тұтас мемлекетті қалай дамы­тып, жаһандық дәрежеде алға шы­ғару­дың амал-тәсілдерін біледі.
Қ.Байғарин Қазақстанда ғылым мен инновацияны дамытуға сал­мақ­ты көңіл бөлініп отырғандығын, қар­­жыландыру көлемі мен қолдау арт­қандығын айтады: «Елбасының ті­келей тапсырмасымен, отандық ға­лымдар мен өнертапқыштарға өз­дерін нарық жағдайында жақсы, қа­жетті сезінуі үшін инновациялық грант­тар берілуде, өз өнертабыстары мен жаңалықтарын өнім түрінде са­та алулары үшін ғылыми парктер мен технопарктер құрылуда, ком­мерцияландыру кеңселері ашылуда. Бұл іске Астанадағы Назарбаев уни­верситеті, Технологиялық даму жө­ніндегі ұлттық агенттік, Алма­ты­да­ғы инновациялық технологиялар паркі жұмылдырылуда. Интел­лек­туал­дық-инновациялық кластерлер осы­лар­дың айналасында өркендейді».
Қазақстан, оның айтуынша, қазіргі уақытта тамаша әрі тап­тырмас әзірлеме-өнертабыстары, озық ғылыми идеясы бар ға­лым­дардың өз өнімімен нарыққа шығуы үшін қолайлы «баспалдақ» түзуде.
«Елімізде мұндай адамдар мил­лионерге, зауыт-өндіріс қо­жа­йынына, компания дирек­то­рына айнала алады, оған қажетті жағ­дай түзілген. Технологиялық даму жөніндегі агенттік, Білім және ғылым министрлігі, тіпті әрбір ұлт­тық компания оларға өз сала­лары бойынша миллиондаған қаржымен қолдау көрсетеді, жол-жобасын көрсетеді, жөн-жосы­ғын үйретеді. Дегенмен тос­қа­уыл­даушы бір жайт бар: Қа­зақ­стан нарығында ин­новация мен ғы­лыми әзірлемелерге сұраныс әлі де аз. Өйткені ондаған жылдар бойы біз «ғылыми сиымды­лық­ты», инновациялық өнімдерді сырттан импорттауға бой үйрет­тік. Тиісінше, ондай нарық өз ішімізде болмады» дейді Қанат Байғарин.
Сондықтан қандай да бір өнер­табысты, ғылыми идеяны қар­жыландыру туралы мәселе қа­рал­ғанда, оның қаншалықты экспортқа бағдарланғандығына назар аударуға тура келеді. «Экспорттық әлеуеті жоғары бол­ғаны жөн. Ең алдымен, Қы­тай, Ресей, Орталық Азия на­ры­ғындағы сұранысқа қараймыз. Сонда ғана ғылыми-инно­ва­циялық өнім нарықтық тұрғыдан тиімді болады. Біз «Назарбаев Университетінде» ғылыми әзір­лемені нарыққа шығару жол­дарын модельдеп шықтық. Қазір біздегі пи­лоттық технопаркте 7 ғылыми жоба бойынша жұмыс жүр­гізуде».
Жалпы, «Назарбаев Уни­вер­си­тетінде» 200-дей жоба зерт­телуде екен. Солардың ішінен ком­мерция­ландыру кеңсесі нарықта сұранысқа ие болуы мүмкін 32-сін іріктеп алған. Кейін АҚШ-тағы тәуелсіз эксперттер қарап, коммерцияландыру тұр­ғысынан сараптама жүргізген соң, жетеуі ілгері озған. Бұл жобалар қазір патенттелу үстінде көрінеді.
Мұның сыртында жақында университеттен тыс, басқа жер­лер­ден де өнертабыстар мен ғы­лыми әзірлемелерді іріктеу бастау алмақ. Бүгінгі таңда оның крите­рийлері жасалуда делінді.
Қ.Байғарин бір инновациялық жобаға тоқталды: «Біз әртүрлі химиялық, биологиялық реак­тив­тердің 90 пайызын, сондай-ақ оның құрал-жабдықтарын да тегіс дерлік шетелден сатып ала­мыз. Осыған байланысты біз бір жоба аясында «пептидтер өн­дірісін» құрудамыз. Соның арқа­сында ғылыми сынақтар үшін қа­жетті, сырттан импортталып кел­ген осы элементтерді енді тек өзіміз шығарамыз. Осылайша, біз өз ғалымдарымыздың мұқтаж­дығын өтеуге, «импорт алмас­ты­руға» кірістік».
Тағы бір жоба – «роботизация». Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жері бар мем­лекет. Халқы небары – 17 миллион. «Сол себепті мұнда еш даусыз, роботты техника, авто­маттандыру саласына күш салуға тиіспіз. Бізде бойында күші мол қаншама адам шлагбаумдар жанында тұрады, әлденені кү­зетеді. Еңбекке жарамды аза­маттардың 10 пайызы күзет қыз­метіне тартылған. Бүгінде оның барлығын автомат жасайды. Демек, «елімізді роботтандыру» – басымдық деп санаймыз! Өйткені шекарамыз да ұзын, шекарашымен қамту қиын. Оны «машина» кө­мегімен күзетуге болады. Сондықтан бізге амер­и­калық белді профессор ғалым келді, ол бірнеше жобаны жүзеге асыруда. Мәселен, күрделі, қауіпті өн­ді­ріс­терде өз бетімен қызмет атқаратын «автоматты қолды» түзуде» деді Қанат Байғарин.
Жақын уақытта бұл инно­ва­цияларға қазақстандықтар куә болуға тиіс.
Авторы: Айхан ШӘРІП

Дереккөзі: http://www.aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар