Өзектi

Қазақ ғылымы қағазбастылықтан қашан құтылады?

22.08.2014

7023

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен жастарымыз дамыған елдерде білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Одан бөлек, магистратура және PhD докторантура бойынша оқып жатқан жастар шетелде тәжірибе алмасып қайтатындығы да қуантарлық жетістігіміз. Алайда, осы шетел көрген жастарымыздың бойында қазақ ғылымының болашағына сенімсіздікпен қарау басым.

Ең әуелі – қаржы мәселесі. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетіндегі аштық туралы мақаласында «Бір күн ашыққан адамнан қырық күн ақыл сұрама» дейді. Орташа жалақысы небәрі 70 мың теңгені құрайтын ғылыми қызметкерлерімізден қандай ұлы жаңалық күтуге болады? Бұл қаражат бір адамның ғана киім-кешегін, азығын түгендейді десек, оның бала-шағасының, той-томалағының шығындары да бар емес пе? Ресейде бір ғылыми мақалаға 50 мың рубль төленеді екен, конференцияға жақсы жаңалықпен қатысқандарға 250 мың рубльге дейін төлейді. 50 мың рубль – біздің 250 мың теңге. Онда еш жерде жұмыс істемей-ақ жағсы ғылыми мақаламен-ақ жан бағуға болатын көрінеді.

Екіншіден – қағазбастылық. Түркияда оқытушы электронды түрде баға қояды. Оны тексеруге ешкімнің құқы жоқ. Аптасына екі мәрте келіп, дәріс өткізеді. Біздегідей сарылып бос қағаздар толтырып есеп бермейді, таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыста отыру тағы жоқ. Кітапханаға баруға, ғылыми зерттеулермен еркін айналысуға барлық мүмкіндік қарастырылған.

Үшіншіден – оқу базаларының, зертханалық құралдарының заман талабына сай болуы мәселесі. Шетелге шығып келген жас ғалымдар еліміздегі зертханалық құралдар тұрғысынан әбден артта қалғанымызды ашына тілге тиек етеді.

Төртіншіден – ғылыми жаңалықтарды іске асыру, оларды дер кезінде қаржылай қолдау жағы кемшін. Тың идеялар ескерусіз қалып, шетелге арзанға сатылып кететін жағдайлар да жиі кездесетін көрінеді.

Жәнібек, жас ғалым, химик:

– Ғылым саласындағы жастар қаражаттан қатты тапшылық көреді. Өзім отбасын құрғанмын. Әйелім, бір балам бар. Алматыда пәтер жалдап тұрамыз. Әйелім баламен үйде отыр. Сондағы менің ғылыми зерттеу институтынан алатын 70 мың теңге жалақым неге жетеді? Тек қана пәтердің құнының өзі қазір 70 мың теңгеден жоғары. Сенбі-жексенбі, өзге де мерекелік демалыс күндері бір күндік құрылыс жұмыстарына барамын. Өзге де жолдармен бала-шаға бағудың жолдарын іздестіремін. Қоғамның көшін алға сүйрейтін ғалымдар емес пе? Неге оларды бірінші кезекте үймен қамтамасыз етпейді? Ең құрығанда, мемлекет тегін жатақханамен қамқорлық жасаса, алаңсыз ғылыммен айналысар едім. Түркияның Ыстамбұл университетінде тәжірибеден өттім. Онда жастарға барлық жағдай жасалған. Жатақхана тегін, біздіңше, 120 теңгеге студенттік асханадан тойып тамақ ішуге болады. Кітапханалары кешкі 11-00-ге дейін демалыссыз күнде жұмыс істейді. Ондағы ғалымдар біздің қандай ескі құрал-жабдықтармен жұмыс істейтінімізді естіп, соншалықты артта қалғанымызға қайран қалды. Елде тың жобаларға қаржыландыру болмаған соң идеяны шетелдіктерге сату үрдісі әлі толастай қойған жоқ.

Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы:

– Бүгінгі отандық ғылымның маңдайы ашылмай отыруының үлкен себебі, ғылымға деген көзқарастың мардымсыздығы, ғалымдардың бірнеше салада нәпақа тауып кетуімен байланысты деп ойлаймын. 24 сағаттың кемінде 10-12 сағатын ғылымға бөлмей, басқа дүниемен шұғылдану – қазақ ғылымының пәлендей жетістіктерге жетпеуінің басты себебі тәрізді. Алдымен Ғылым ордасын Қоғамдық емес мемлекеттік мекеме етіп ауыстыру керек. Содан соң, барлық ғылыми институттардың қызметкерлерінің мәртебесін мемлекеттік қызметкер дәрежесіне дейін көтеру қажет. Еуропаны былай қойғанда, Түркияның өзінде ғалымға деген көзқарас ерекше, оның әлеуметтік жағдайы, еңбекақысы, ғылыми халықаралық тәжірибесі бірінші орында тұрады. Біздің ел индустриялды-инновациялық бағыт-бағдар ұстанғандықтан, ғылымның мәніне, жас ғалымдарға, оның идеологиялық һәм қоғамдық мазмұнына дұрыс тоқталуы тиіс. Мемлекеттік бюджеттің кемінде 10-12 пайызы ғылым саласына бөлінсе, одан қазынамыз тесіліп қалмайды.

Нұраддин САДЫҚОВ, ҚазҰУ-дың PhD докторанты:

– Бізде мемлекет тарапынан жыл сайын ғылымның әр саласына миллиардтаған қаржы бөлінеді. Бірақ, нәтижесіз. Ал шетелде ғылымды әртүрлі қорлар қаржыландырады. Еуропаның көптеген елдеріндегі ғылыми конференцияларда, симпозиумдарда болдым. Сонда шетелдік ғалымдар, жас ғалымдар бізден қандай бағдарлама бойынша оқуға, конференцияға келгенімізді сұрайды. Біздің мемлекеттік гранттың негізінде оқуға, тәжірибе алмасуға немесе конференцияға келгенімізді естігенде таң қалады. Олар үшін бұл мүмкін емес жағдай боп көрінеді. Мен PhD докторанттар мен магистранттарды шетелге тәжірибеге жіберу туралы ҚР Білім министрлігінің мүмкіндігін айтып отырмын. Әрине, кейбір ғылыми техникалық мүмкіндіктер жеткіліксіз шығар. Бірақ, бұл ғылымға мүлдем көңіл бөлінбейді деген сөз емес. Әуелі маман даярлау керек. Құрал-жабдықтар сосын алына береді.

Автор: Арман Әубәкір

Источник: alashainasy.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар