Өзектi

Таразда "Ақберен" байқауы басталды

12.04.2016

5586

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Ақберен» III Республикалық байқауы басталды. 8-11 сынып оқушылары арасындағы сайыс ҚР БҒМ-ның «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр.
Байқаудың мақсаты – жас дарындар арасынан гуманитарлық-эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға шығармашылық қабілеті жоғары, талантты, жан-жақты өнерлі балаларды табу, кәсіби бағдар беру. Сонымен қатар, ұлттық ортаны қалыптастыруға жол көрсетіп суырып салмалық, әмбебаптық қабілеттеріне баса ден қою (ақындық, шешендік шеберлігі, түрлі ұлттық аспапта ойнау, т.б.) табиғи танымдық қабілеттерін айқындау.
Сайысқа еліміздегі жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназиялардың 100- ден астам оқушысынан құралған 18 команда қатысады деп күтілуде.
Өнер додасы 6 аталым бойынша өтпек: шешендік өнер, көркемсөз оқу, шығарма жазу, ұлттық аспапта ойнау, ақындар айтысы және ақындар мүшәйрасы.
«Тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі құдіреті, болашағының кепілі – кемел білім берер мектебі. Заман талабына сай, әлем кеңістігінде білім додасынан тайсалмайтын жас жеткіншектерді тәрбиелеу басты парыз. Халықтың қалт етпес қағидасын, елдіктің еңселі естелігін танытатын қазақ тілі. Ұлт тағылымын белгілі қағидаттарға сүйеніп, өскелең ұрпақ бойына ана тілді сіңіру оны оқытудан басталады», – дейді байқау ұйымдастырушылары.
Сондай-ақ, білім сайысы аясында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков атындағы жұмыс кабинеті ашылып, ғалымның өмір жолы туралы деректі фильм жұртшылық назарына ұсынылмақ.
Байқаудың жеңімпаздары «Дарын» РҒПО орталығының I, II, III дәрежелі дипломдарымен және әдебиет, мәдениет қоғам қайраткерлері атындағы дипломдармен марапатталады.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар