Өзектi

Аяулым Рахматулина: Мұнай-газ өнеркәсібіне арналған қондырғының жаңа құрылымдарын оңтайлы жобалау бағдарламасын жасап жатырмыз

17.08.2020

2958

Аяулым Рахматулина Машинажасау мамандығы бойынша PhD докторлығын алғашқылардың бірі болып қорғаған жас ғалым. Қазіргі таңда академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және инжиниринг институтында еңбек етеді. Бұл институт Қазақстан Республикасында механика және машина жасау саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін жетекші ғылыми мекеме.

Аяулым Рахматулинаның шетелдік жетекші ғылыми басылымдарда 6 мақаласы жарияланған. Хирш индексі – 2. «Tekstil ve Konfeksiyon», «Procedia - Social and Behavioral Sciences» журналдарында мақалалары жарық көрді. «Design of a New Load Lifting Mechanism» атты мақаласы ең көп қаралып, оқылған.

Аяулым «Жаңа жүк көтергіш құрастыру» тақырыбындағы идеясымен студент кезінде «Алматы жастары арасындағы ең үздік инновациялық идея» атты конкурстың жеңімпазы атанған екен. Бүгін де осы тақырыбы жалғасын тауып, «Мұнай-газ өнеркәсібіне арналған қарнақты сорғы қондырғыларының жаңа конструкциясын әзірлеу» жобасын ұсынып, жас ғалымдар арасындағы конкурстың грантын жеңіп алды.

• Жобаның негізгі идеясы элементтердің жоғары сенімділігіне ие шағын габариттермен ерекшеленетін штангалы сорғы қондырғыларының теңгерімсіз жетегінің жаңа құрылымын әзірлеу болып табылады. Тура сызықты-бағыттаушы механизмдерді зерттеу нәтижесінде штангалық сорғы қондырғылары жетегінің түрлендіргіш механизмдері ретінде механикалық жүйелерді есептеудің қазіргі заманғы әдістерін пайдалана отырып, қондырғының жаңа құрылымдарын оңтайлы жобалауға бағдарлама жасап жатырмыз, – дейді ол.



Штангалы сорғы қондырсының сұлбасы


Мұнай-газ саласы көбіне ер азаматтарды қызықтыратыны белгілі. Дегенмен, бұл саланың қыр-сырымен тереңірек танысуға қыздарымыз да көбірек басымдық беріпті.

• Еліміздің экономикалық құрылымында мұнай-газ саласы басымдыққа ие. Сонымен қатар, мұнай-газ саласы қазіргі ғылыми зерттеулердің де басым бағыттарының бірі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, мұнай-газ саласында қолданылатын конструкциялар мен механизмдерді жаңаша тұрғыдан зерттеуді қажет деп таптық, – деп отыр Аяулым Рахматулина.


Жас ғалымның айтуынша, бұл ғылыми зерттеудің басты мақсаты – басқа үлгілермен салыстырғанда аз габариттермен, аз металл сыйымдылығымен ерекшеленетін және теңгерудің қолайлы режимін қамтамасыз ететін және элементтердің жоғары сенімділігіне ие штангалық сорғы қондырғыларының теңгерімсіз жетегінің жаңа құрылымын әзірлеу болып табылады.

Қазақстан мен ТМД елдерінің бірқатар кәсіпорындары балансирлі піспекті қондырғылар шығарады екен. Өз кезегінде Аяулым барлық белгілі түзу сызықты бағыттаушы топсалы-иінтіректі механизмдердің функционалдық мүмкіндіктерін талдау негізінде осындай механизмдерді пайдалану мүмкіндіктерінің анықталғанын айтады.
Жоба аясында штангалы насосты қондырғы жетегінің жаңа түрінің тәжірибелік-өнеркәсіптік үлгісі жасалады деп күтілуде.

Т. Садырова,

Қоғаммен байланыс бөлімі.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар