Өзектi

БАСТЫ БАҒЫТЫМЫЗ – САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ

03.09.2015

5981

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті – Сыр өңіріндегі 80 жылға жуық тарихы бар, халықаралық білім кеңістігінде танылған, білім беру қызметінде өзіндік дәстүрі қалыптасқан оқу ордасы.
Университет жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды жүзеге асыра отырып, еліміздің ғылыми, әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуын жүзеге асыруды өзінің стратегиялық дамуының басым бағыты ретінде қабылдаған. Университетте бакалавриаттың 54, магистратураның 30, докторантураның 9 білім бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Қазіргі таңда университетте 23 ғылым докторы, профессор, 206 ғылым кандидаты, доцент, 187 ғылым магистрі еңбек етеді. Міне, осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰИА академигі
Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновпен тілдескен едік.
– Елбасы Н.Назарбаев «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарында орта мектептердің жоғары сыныптары мен жо­ғары оқу орындарында білім беруді ағыл­шын тілінде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқа­рылуда?
– Университетте нарықтың өзгермелі жағдайына бейімделген, бәсекеге қабі­летті, кәсіби білікті мамандар даярлау бағы­тында 2012-2013 оқу жылынан бас­тап бакалавриаттың 16 мамандығында оқу үдерісін көптілді білім беру бағдар­ламасы бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүзеге асырылып келеді. Үш тілді еркін меңгеру арқылы академиялық ұтқырлық, қос диплом бағдарламалары аясында университеттің 50-ге жуық студенттері мен магистранттары Америка Құрама Штаты, Түркия, Австрия, Оңтүс­тік Корея, Польша, Египеттің жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіріп келді. Сонымен бірге 2013-2014 оқу жылынан бастап шетел тілі: екі шетел тілі маман­дығы бойынша 1-курсқа қабылданған студенттерден екінші шетел тілі ретінде корей, қытай, араб тілдерін оқыту мақ­сатында ағылшын-кәріс, ағылшын-қы­тай, ағылшын-араб тілдері бойынша оқу топтары жасақталған. Студенттердің таңдауы бойынша мұнай-газ ісі және технологиялық машиналар мен жабдық­тар мамандықтарының 3-курстарына қосымша қытай тілі оқытылуда.
– Қылышбай Алдабергенұлы, Елбасы Жолдауларында үнемі назарда тұрған тағы бір мәселелердің бірі – ғылым мен өндірісті ұштастыру. Осы мақсатта университет ға­лымдарының атқарып жатқан жұмыс­та­рына тоқталып өтсеңіз...
– Аймақтың әлеуметтік-экономи­ка­лық және рухани-мәдени саласына қа­тысты ғылыми-зерттеулерді жүзеге асыру, алынған ғылыми нәтижелерді өндіріске бағыттау мақсатында университетте «Фи­зика-химиялық талдау әдістері» ин­же­нерлік бейіндегі зертханасы, «Техноло­гия­ларды коммерцияландыру» орталығы, «Аймақтық кәсіпкерлікті дамыту» ор­талығы, «Агробиологиялық және қолдан­балы зерттеулер» ғылыми орталығы, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы нәтижелі жұмыстар жүргізуде.
Пайдалы қазбаларды, оның ішінде мұнай мен газ қорын сақтау өзекті мәселе, яғни бұлардың да қоры шектеулі. Осы ретте ғалымдардан табиғи жаңа қорларды табуды талап етеді. Бұл тұрғыда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті баламалы қуат көздерін іздестіру ғылыми-зерттеу жұмыстарын бел­сенді жүргізуде. Қызылорда облысын­да баламалы қуат көздерінің қажетті әлеуеті жеткілікті.
Университет ғалымдары күн қуатын пайдалану бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Аймақтағы бар табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөнінде де технологиялық әзірленімдер ұсынылып, өндірістік жағдайларда сы­налды, тағы бір маңызды міндет өндіріс­тік қалдықтарды пайдаға қайта жарату тетігін жетілдіру.
Соңғы жылдары «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасында жүргізілген зерттеулер аясында келесі ғылыми нәтижелер алын­ды:
– Қазақстанның мұнай өңдеу зауыт­тарының крекинг-газдарының олефиндік шикізаты негізінде карбон қышқыл­дарының күрделі эфирлерін алу тәсілдері, парфюмерия-косметикалық тауарлар өндірісінде және фармацевтикалық сала­да антибактериалды заттар ретінде пай­далануға болатын препараттар табылды;
– өсімдіктерді қорғау құралы ретінде жаңа фосфорорганикалық қосылыстар алу бағытында арнайы зерттеулер жүр­гізілді. Қазіргі кезде алынған заттар уни­верситеттің жылыжай шаруашылығында тәжірибелік сынақтан өтуде;
– жантақтың сығындысын ате­ро­с­­клероздың алдын алу және бастапқы сатысында емдеуге қолдану мәселесі зерт­телуде. Аталған сығындыдан биоло­­гиялық белсенді компоненттерді алу жолдары қарастырылуда;
– аса жоғары жиіліктегі сәулелендіру жағдайларында карбон қышқылдарының күрделі эфирлерінің синтезі әзірленді. Со­ның нәтижесінде, жоғарыда аталған қо­сылыстарды өнеркәсіптік негізде алу уақыты мыңдаған есеге қысқарды;
– мұнайдың ауыр фракциясынан ұзын­тізбекті олефиндер алынуда. Олар­дың негізінде базалық жағармайлар алу технологиясы зерттелуде.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақ­стан Республикасы Білім және ғылым ми­нистрлігінің Білім және ғылым сала­сындағы Бақылау комитетінен бакалав­риаттың техникалық бағыттағы жаңа 6 мамандығына лицензия берілді. Олар: геология және пайдалы қазбалар кен ор­нын барлау, тау-кен ісі, бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы, ор­ганикалық заттардың химиялық техно­логиясы, пайдалы қазбаларды байыту, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері.
Бұл мамандықтар облыс әкімі Қырым­­бек Елеуұлы Көшербаевтың бас­тама­сымен бекітілген «Қызылорда облысы­ның 2020 жылға дейінгі әлеу­мет­тік-экономикалық даму стратегиясына» сәйкес облыстағы мұнай және газ қоры­мен қатар, тау-кен және металлургия қор­ларын игеру үшін тиісті сала ма­мандарын даярлау мақсатында ашылып отыр. Аталған мамандықтарға студенттер қабылдау 2016 жылдан бастап жүргізілетін болады.
– Жоғары оқу орындарына қойылар талаптың бірі – аккредиттеуден және аттестаттаудан өту. Аймақтағы іргелі білім ордасы ретінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бұл талаптарға жауап бере ала ма?
– Әрине, университет институцио­нал­дық және арнайы мамандандырылған аккредиттеуден, мемлекеттік аттестат­таудан өткен аймақтағы іргелі білім ор­дасы. Университеттің 21 білім бағдар­ламасы мамандар даярлау бағыттары мен деңгейлері бойынша Аккредиттеу және Тәуелсіз рейтинг агенттігінің жүргізген рейтинг нәтижесінде, еліміздің жоғары оқу орындары арасында 7-орынды иеле­ніп, Қазақстанның көпсалалы жоғары оқу орындарының «ҮЗДІК-20» тобына енді.
Биыл мамандар даярлау бағыты мен деңгейлері бойынша жоғары оқу орын­дарының тәуелсіз рейтингісінің қоры­тын­дысы нәтижесінде университеттің 8 білім бағдарламасы үздік үштікке енді. Бұл оқу орнында жұмыс жасап жатқан 5 факультет, 33 кафедра, ғылыми-зерттеу орталықтары мен заман талабына сай материалдық-техникалық базасы, про­фес­сор-оқытушылар құрамы, уни­вер­си­теттің республикалық, шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысы және бакалавриат, магистратура, док­торантура бойынша білім алушылардың білім сапасының жоғары екендігінің дәлелі.
– Биыл елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 20 жылдығы, Қазақ­стан халқы ассамблеясының 20 жылдығы мем­лекеттік деңгейде аталып өтілуде. Жас­тарға патриоттық тәрбие беруде та­рихи маңызы зор осы мере­келерге бай­ланысты қандай жұмыстар атқарылуда?
– Әрине, егемен еліміздің Ата заңы – Конституция мызғымас мемлеке­ті­міз­дің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміздің кемел келешегінің кепілі. Бұдан 20 жыл бұрын, ғасырлар тоғысында әлемдік өркениетке қадам басқан Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірді баста­ды.
1995 жылы 30 тамызда мемлекеттің ұстанымын, ұлттың құндылығын айқын­дайтын негізгі құжат Конституция қабыл­данды.
Қазақстанның мемлекеттігінің ныға­юына, еліміздің өсіп-өркендеуіне негіз болатын Ата заңымыз, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін бүгінгі күні дәлелдеп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев 2015 жылғы 28 тамызда Конститу­цияның қабыл­дануының 20 жылдығына арналған ха­лық­аралық ғылыми-практи­калық кон­фе­ренцияда «Біз барын баға­лап, қым­батын қадірлей білген елміз. Азатты­ғымыздың айшықты айғағы бол­ған Ата заң – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Сан буын ұрпақ алмасса да ескірмейтін, жыл өткен сайын жаңғыра беретін құнды­лықтар жинағы. Мемлекет­тігіміздің алтын қазығын қастерлеу – әрбір қазақ­стандықтың қасиетті парызы. Кон­сти­­туцияның әрбір сөзін мүлтіксіз орындап, бұлжытпай сақтасақ алар асуымыз әр­дайым асқақ болады. Сол ар­қылы Мәң­гілік елдің тұғырын нығайтып, шаңы­рағын биіктете түсеміз» деген болатын. Олай болса, Ата заңымыз – Конституция­ны құрметтеп қорғау, оның маңыздылы­ғын сақтау еліміздің әрбір азаматының қасиетті борышы.
Университетте жастарға сапалы білім берумен қатар, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, патриот­тық тәрбиелеу жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Ұлт Көшбасшысы Н.Назар­баев­тың Мәңгілік ел ұлттық идеясын жүзеге асыру мақсатында университетте Назарбаевтану ғылыми-оқу орталығы және «Мәңгілік ел» оқу-тәрбие орталығы ашылды. Мұндағы бас­ты мақсат – Елбасының ел тәуелсіздігін баянды ету­дегі, халықаралық аренада Қазақстанның беделін арттырудағы ерен еңбегін жастар арасында кеңінен наси­хаттау. «Мәңгілік ел» оқу-тәрбие орта­лығының мақсаты – ұлттық сана-сезімі, азаматтық, отан­сүйгіштік қасиеттері жоғары, ұлт мәде­ниетін дамыту мен сақ­таудағы жауап­кершілікті сезіне білетін, тарихи ой-өресі жетілген, өзге мәдениет өкілдерімен жүйелі сұхбат құра алатын жастарды тәрбиелеу болып табылады.
Сонымен бірге мерейлі мерекелерді атап өтуде университетте ғылыми-тә­жі­рибелік конференциялар ұйымдас­тыры­лып, көрнекті ғалымдар шақырылуда.
– Қылышбай Алдабергенұлы, мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғысымды білдіремін! Жаңа оқу жылы құтты болсын! Өзіңізге және білім ордасының ұжымына зор табыс тілеймін!
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда қаласы

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар