Өзектi

Нарықтық медицина негіздері дамиды

22.05.2017

5056

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен бірге енетін өзгерістер барлық азаматтарды толғандырады. Жаңа жүйе болғандықтан үміт те, күмән да бар. Осы орайда Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы Серік АҚШОЛАҚОВҚА жолығып, бірқатар сауалдар қойған едік.

– Серік Қуандықұлы, білікті нейрохирург, заманауи клиника жұмысын жолға қойған ұйымдастырушы ретінде шетелдік денсаулық сақтау саласынан хабарыңыз мол. Еңбек өнімділігі жоғары елдерде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бұрыннан бар. Бұл жаңа жүйе қазіргі отандық медицинаның жай-күйін одан әрі жақсарта ала ма? Шетелдік тәжірибелерде сізге қай елдің сақтандыру әдісі қолайлы көрінеді?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Германия, Франция сынды көптеген елдерде бұрыннан жұмыс істеп келеді. Олар бұл жүйені тиімді пайдалануда. Дәрігерлік көмектің сапасы жақсы, пациенттердің емделу деңгейі және дәрігерлердің әлеуметтік жағдайлары жоғары. Пациенттер ағылып келіп жатқан клиникалардың жай-күйі қай жағынан қарасаңыз да өте жақсы. Дәрігерлер білігіне сай, қажеттілігіне орай жоғары жалақы алады. Әрі пациенттері де төлеген жарнасының қайда кеткенін біліп отырады. Оған олар осы сақтандыру жүйесі арқылы жетіп отыр. Өркениетті мемлекеттердің әрбір азаматының денсаулығы үшін қалтасынан ақша төлейтіні қалыпты жағдайға айналған. Моральдық-психологиялық, экономикалық тұрғыдан ешқандай оғаштығы жоқ дүние. Еліміз аталған елдердің тәжірибелерін негізге ала отырып, ұлттық медицинаның әрі қарай дамуында жаңа жүйені қажет деп тауып, заңмен бекітті. Қазақстандықтар үшін МӘМС жүйесінің енуімен сапалы медициналық көмекке қолжетімділік артып, денсаулықты жақсарту, адам өмірін ұзарту, амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етуді кеңейту, бейресми төлемдердің деңгейін азайту көзделуде. Бұл жаман нәрсе ме? Ал мемлекет үшін күтілетін нәтиже не десек, оны да санамалай кетуге болар. Біріншіден, ешкімді алаламай-құлаламай медициналық көмекпен жан-жақты және жаппай қамту жүзеге асырылады, екіншіден, денсаулыққа қатысты медициналық мекемелер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі артады, үшіншіден, денсаулық сақтауда тұтыну көлемін теңдестіруге мүмкіндік беретін тұрақты қаржылық жүйе құрылады. Соның арқасында бюджетке түсер салмақ жеңілдеп, денсаулық сақтаудың нарықтық механизмдері жетілдіріледі. Оған қоса жеке денсаулық сақтауды және денсаулық сақтау индустриясын дамыту үшін ынталандыру (қосымша жұмыс орындары мен технологиялар), қаржы ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру, қоғам алдында есеп беруге міндеттілік сынды маңызды мәселелер шешілмек. Осы жұмыстар орындалған жағдайда қазіргі отандық медицинаның жай-күйі одан әрі жақсара түседі деген ойдамыз.

– Бұрын Үкіметтен қаржыландырып келген қымбат операциялардың қолжетімділігі қандай болмақ? Бұрынғы квотамен жасалатын операциялар саны азайып қалмай ма?

– МӘМС жүйесінде ел азаматтары үшін кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде қарастырылған көмек қор есебінен жүзеге асырылатындықтан, операциялардың қолжетімділігі турасында сөз болмауы тиіс деп есептеймін. Қайта жоғары сапалы және жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету көлемі кемімей, ұлғаюы әбден мүмкін.

– Жаңа жүйе мүлтікісіз қызмет етуі үшін бастапқы көмек беретін медициналық мекемелер – емханалар, амбулаториялар мен озық клиникалар арасындағы байланыстар қалай жүргізілуі тиіс?

– Сақтандырудың бұл үлгісі бойынша шығындарды қысқартудың арқасында өндіріс көлемі мен кәсіпорынның табысын арттыруға қол жеткізіп, экономикалық пайда әкеледі деп күтілуде. Осы орайда сапасы жоғары бастапқы көмек алу, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, еліміздегі үздік клиникаларда тиімді емделу және қымбат бағалы операциялар жасату мүмкіндігінің болуы жұмыс істейтін әр азаматтың денсаулығын сақтауға, еңбекке жарамсыздық қағаздарының мерзімін қысқартуға, жұмыс берушілердің шығындарын азайтуға ықпал етсе деген мақсат тұрғаны айқын. Яғни, берік байланыстар орнауы тиіс. Сол себептен де емхана мамандарының біліктілігін арттырып, білімін жетілдіруде үздік клиникалар жанындағы емханалардың тәжірибелері ескерілуі тиіс деген ойдамын. Және емханалар жұмысына жоғары білікті консультанттар тарту қажет тәрізді. Шеберлік сабақтары, семинар-тренингтер өткізудің маңызы жоғары. Оқу мен тәжірибе астаспай біліктілік көтерілмейді.


– Шет елдердегі міндетті сақтандыруда дәрігерлердің қызметі мен құқығын сақтандыру жүйесі бар. Бұл бізге қажет пе?
– Соңғы 5-6 жыл ішінде елімізде дәрігерлер қызметіне қатысты сот процестерінің саны және адам өмірі мен денсаулығына келтірілген моральдық зиянға қатысты азаматтық-құқықтық арыздар біршама өсті. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі «Медициналық міндеттемені міндетті сақтандыру» туралы заңды қарастыруда. Шынын айтқанда, ел азаматтарын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтығаннан кейін дәрігерлер қызметін де сақтандыру медальдің екі жақ бетіндей қажет дүние тәрізді. Медицинаға жаңаша нарықтық қатынастар енуімен бірге оның бүгін болмаса ертең керек болатыны айқын.

– Өзіңіз жетекшілік жасайтын клиника жаңа жүйе бойынша жұмыс жасауға қаншалықты дайын?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу әлемдік трендте жалпы бір қалыпқа келді. Өзінің денсаулығына қатысты халықтың ой-өрісін өзгерту өте қиын міндет, бұл тек денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерінен ғана емес, мемлекеттен де тұрақты жұмысты талап етеді. Профилактикалық бағыт, азаматтардың денсаулығына жауапты көзқарас қалыптастыру бірінші орынға шығуы керек. Денсаулық сақтау жүйесінің алдында медициналық қызметтердің сапасын арттыру, медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен медицина ұйымдарының қормен жарақтандырылуын жақсарту, сапалы медициналық қызмет менеджментін енгізу туралы міндет тұр. Ал «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ барлық мәселелерді жан-жақты қарап, анықтады, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жұмыс істеуге дайын.


Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ



Дереккөзі: egemen.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар