Әлемдегі ғылым

Өнеркәсіп техникасының гидроцилиндрлері соташықтарын жөндеудің жаңа технологиясы жасалды

19.09.2023

869


Сурет https://www.kstu.kz/ сайтынан алынды 

Қазіргі уақытта өнеркәсіпте пайдаланылатын ірі көлемді арнайы жабдықтың гидравликалық цилиндрлері үшін оңайлықпен тозбайтын, коррозияға қарсы қасиеттері бар, қоршаған ортаның химиялық және жылулық әсерлеріне төзімді, үйкеліс коэффициентінің төмендеуін қамтамасыз ететін гальваникалық хром жабыны бар гидроцилиндрлер соташықтары шығарылуда. 

Қорғаныс жабындары жоғары жүктемелерге және жабдықтың күрделі жұмыс жағдайларында қажет. Дегенмен, соташық бетінің зақымдануын жөндеу кезінде тек бетті толығымен хромдау арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бірақ, оның құны өнімнің өзіндік құнының 70%-на дейін жетуі мүмкін. 

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары ұзын, көлемді соташықтарды термиялық бүрку процестері арқылы жергілікті зақымдануын бірден жоятын, арзан баламалы технологиясын жасауды қолға алған. Бұл гальваникалық хромды жабынынан кем түспейтін өнімді алуға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді дейді олар. 

70 жылдан астам уақыттан бері гальваникалық хромды жабындар абразивті, эрозиялық, кавитациялық тозу, коррозия және діріл жүктемелері (библиография) жағдайында жұмыс істейтін әртүрлі бөлшектердің тозуына қарсы қолданудың «алтын стандарты» болуда. Көлемі үлкен арнайы жабдықтың жүктемесі көп және маңызды элементтері болып табылатын гидравликалық цилиндрлерінің соташықтары бүкіл әлемде гальваникалық хромды жабындармен қамтамасыз етілген. 

Алайда, бұл жабындар құрылымдармен, тау жыныстарының бөліктерімен, тастармен, жақын жерде жұмыс істейтін басқа қондырғылардың абразивтерімен және және басқа бөлшектермен жанасу жағдайында жергілікті беттің зақымдалуынан толық қорғай алмайды. Сондай-ақ тасымалдау, орнату, пайдалану және бөлшектеу кезінде де ұрылу-соғылулар болады. Бұдан бөлек ток өткізетін электр сымымен жанасатын электр доғасының әсерінен штангалардың зақымдану жағдайлары жиі кездеседі. Нәтижесінде бетінде, яғни штанганың ұзындығы бойынша ұсақ сызаттардан бастап терең шұңқырларға дейін әртүрлі зақымданулар пайда болады. Зақымдалған қабатты қалпына келтіру үшін оны жөндеу қажет. 

Қазіргі уақытта геометрияны қалпына келтіруге және беткі қабаттың түпнұсқамен салыстырылатын қасиеттерін алуға мүмкіндік беретін негізгі технология – бұрыннан келе жатқан қабатты алып тастау және бетті қажетті деңгейге дейін механикалық өңдеу арқылы толық хромдау. Ондай қызметті Еуропа елдерінің, Ресейдің және Украинаның тиісті жабдықтары мен тәжірибесі бар мамандандырылған кәсіпорындары шектеулі деңгейде көрсетеді. Жөндеу жұмыстарының өзіндік құны өнім бағасының 50%-на дейін жетеді. 

Бөлшектердің өлшемдерін, күрделілігін және тасымалдау қашықтығын ескере отырып, мұндай қызметтер Қазақстанда көрсетілмегендіктен, қазақстандық кәсіпорындар үшін зақымданған бөлшектерді жөндеу құны жаңа өнім бағасының 70%-на дейін барады. Сол үшін де көптеген кәсіпорындар жөндеуден толығымен бас тартады. 

Сондай-ақ, электролиттік жабындарды, оның ішінде гальваникалық хромды жабындарды өндіру – өте «лас» процесс. Оның барысында қауіпті заттар пайдаланылады және процестің нәтижесінде өте улы қалдықтар (негізінен ең күшті канцерогендер болып саналатын ауыр металдардың иондары) пайда болады. 

Отандық ғалымдар осы сала бойынша өз ғылыми зерттеу жобаларын қолға алған. Термиялық бүрку процестерін қолдана отырып, ұзын, үлкен өлшемді соташықтарды қалпына келтіру технологиясын құру жобасы аясындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары бүріккіш бұйымдардың нақты өлшемдерін ескере отырып, керамика және интерметалл қосылыстары негізіндегі қорғаныс жабындарының түзілу процестерін терең зерттеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ бүріккіш материалдың (субстраттың) және бүрку процесінің технологиялық параметрлерінің жабын мен негіз арасындағы байланысының беріктігін және жабыннан субстратқа өту аймағында болуы ықтимал ақаулардың (жарықтар және т.б.) пайда болу әсерін анықтады. 

Жоба аясында заманауи ресурс үнемдейтін технологияларды құру, қорғайтын және функционалдық жабындарды жасау және металдардың бетін өңдеу саласында зертханалық зерттеулер жүргізілді. 
Елімізде өнеркәсіптік мақсаттағы ірі габаритті арнайы техниканың гидроцилиндрлерінің ұзын өлшемді соташықтарын жөндеудің аналогы жоқ жаңа технологиясын жасау неғұрлым арзан болмақ. Ол экологиялық таза технологияның көмегімен жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде қалпына келтірілген беттің неғұрлым жоғары қасиеттерін қамтамасыз етеді, сондай-ақ тұрған орнында жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Яғни, көлік шығындарын және қарапайым жабдыққа жұмсалатын шығындарды едәуір қысқартады. 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар