Әлемдегі ғылым

Жас ғалымдар жаздағы күн энергиясын қыста пайдалану жолдарын ұсынады

01.03.2022

2411


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдары «Күн жылу энергиясын көпқабатты ғимараттар мен тұрғын үй қалашықтарын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында маусымдық жинақтау технологиясын» жүзеге асырды.

PhD және инженерия докторы Мәдина Тұңғатарованың айтуынша, жобаны қаржыландыруға Дүниежүзілік банктің «Нәтижелі инновациялық жобаларды ынталандыру» бағдарламасына өтініш берілген. Нәтижесінде 3,5 жылға дейін қаржылай қолдауға ие болған.

Дүниежүзілік банктің көңілінен шыққан жоба несімен ерекшеленеді? Ғалымдар тұрғын үйлерді ыстық сумен және жылумен қамтамасыз ету мақсатында күн энергиясын сақтауды көздейді. Жазда берілетін күн энергиясын қыс мезгілінде пайдалану немесе күндізгі күн энергиясын түнгі уақытта пайдалану үшін оны сақтау қажет болады. Жобада көрсетігендей, күн энергиясын сақтау технологиясы екі компоненттен тұрады: жылы сумен қамтамасыз етуге арналған қысқа мерзімді сақтау аккумуляторы және ұзақ мерзімді сақтауға арналған жерасты жылу аккумуляторы.

Қолға алған ғылыми жұмысты жас ғалымдар Болгарияның София атындағы техникалық университетінде тағылымдамадан өту арқылы жалғастырған. Жоба авторлары күн энергиясын сақтаудың жаңа жолы еліміздің шалғай аудандарда орналасқан елді-мекендері үшін тиімді болады деп отыр. Тіпті Алматы қаласы үшін де ауаны тазартуға септігін тигізері анық.

Мәдина Тұңғатарова осыған ұқсас технологияның Канадада жұмыс істеп жатқанын айтады. Ол жақта кішігірім қалашықтың 97%-ы осындай технология арқылы жылумен қамтамасыз етілетін көрінеді. Бұл жетістікке небәрі 3 жыл ғана болған.
Осы жерде ғалымдарымыздың бұл жобасын жүзеге асыру үшін қажетті компоненттердің біразын шет елдерден алуға тура келетінін айта кеткен жөн. Сондықтан күн энергиясын сақтайтын жаңа технологияның бағасы қымбаттау болуы да ықтимал. Дегенмен, ғалымдарымыз адам денсаулығын ескере отырып, бұл жобаның болашағы зор екеніне сенім білдіріп отыр.

Олар әрбір нысанның энергия тұтыну көлеміне қарай есеп жүргізу қажеттігін, оған қажетті күн коллекторларының саны, жылу аккумуляторларының және қысқа мерзімді сақтау аккумуляторының қуатын таңдайтындарын айтады. Жасалған талдау бойынша жобаның өтелу мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімді құраған.

Күн энергиясын сақтау мақсатында қысқа мерзімді аккумуляторларда фазалық өзгеретін материалды, яғни әртүрлі парафин түрлері қолданылады. Парафин, негізінен, қатты фазада жүреді. Парафинге еру температурасынан жоғары жылу бергенде қатты күйден сұйық күйге ауысу процесі басталады. Парафин қатты фазадан сұйық фазаға өту процесі үшін көп энергия жұмсалады. Сол энергия латенттік энергия деп аталады. Демек, нәтижесінде жоспарланған мөлшерден де көп энергия алуға және сақтауға мүмкіндік береді, деп түсіндіреді мамандар.

Материал https://www.kaznu.kz/kz/3/news/one/27598/ деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар