Қытай ғылым академиясының құрамындағы Гуанчжоу геохимия институтының зерттеушілері әлемде алғаш рет тірі өсімдіктерден сирек жер элементтерін (СЖЭ) тапты. Бұл туралы China Daily басылымы хабарлады.
Ғалымдар сирек жер элементтерінің минералдануымен байланысты бұл ерекше құбылысты қырыққұлақтардан анықтаған. Атап айтқанда, мәңгіжасыл түрі — Blechnum orientale өсімдігінің тіндерінен зерттеушілер монацит-(La) минералының түзілуін байқаған.
Монацит-(La) — құрамында лантан бар монациттің түрі. Монациттің сирек кездесетін себебі — оның әдетте жеке кристалдар түрінде ғана ұшырасуында. Монациттің ірі кен орындары теңіз жағалауларындағы құмды шөгінділерде, мысалы, Австралияда, Бразилияда, Египетте, Үндістанда, Индонезияда, Мадагаскарда, АҚШ-та және Цейлонда кездеседі. Монациттен алынған сирек жер металдары электроникада, энергетикада және жоғары технологиялық материалдар өндірісінде кеңінен қолданылады.
Зерттеу авторларының айтуынша, қырыққұлақ «шаңсорғыш» сияқты әрекет етеді: ол қоршаған ортадан сирек жер элементтерін сіңіріп, оларды өз бойында жинақтайды, кейіннен нанобөлшектер түрінде тұндырып, фосфатты минералдарға кристалдануына ықпал етеді. Сонымен қатар, табиғи монацит көбіне радиоактивті элементтерді қамтитыны белгілі болса, «биомонацит» — оның қауіпсіз баламасы болып табылады.
Сирек жер металдары жоғары технологиялық салаларда кеңінен қолданылады, алайда бүгінде әлемде олардың тапшылығы байқалады. Сауда шектеулері мен санкциялар жағдайында бұл металдар жаһандық жеткізу тізбегіндегі ең осал буындардың бірі саналады. Зерттеушілер өздерінің жаңалығы стратегиялық маңызды металдарды экологиялық таза жолмен өндірудің негізіне айналады деп үміттенеді.
Дереккөз: https://www.gazeta.ru/science/news/2025/11/12/27170264.shtml
Фото: Istock