Әлемдегі ғылым

«ҚазжолҒЗИ» ғалымдары асфальтты қалпына келтірудің экологиялық технологияларын әзірлеуге кірісті

10.11.2025

23

«Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ («ҚазжолҒЗИ») жол құрылысына «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған ғылыми жобаны іске асыруға кірісті. Зерттеу жұмысы ескірген асфальтбетонды қалпына келтіріп, оны жол жамылғысының жоғарғы қабаттарында қайта пайдалануға мүмкіндік беретін инновациялық жасартқыш құрам жасауға арналып отыр.

«ҚазжолҒЗИ» мамандарының айтуынша, регенерация технологиясын қолдану құрылыс қалдықтарының көлемін айтарлықтай азайтуға, энергия тұтынуды төмендетуге және асфальт өндірісі кезінде көмірқышқыл газының шығарындыларын қысқартуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл материалдарға «екінші өмір» сыйлайтын орнықты жол құрылысының жаңа моделін қалыптастырмақ.

«Біз жаңа ресурстарды тұтынудың орнына барын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін шешімдер әзірлеудеміз. Бұл қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, жол саласын анағұрлым тиімді және технологиялық тұрғыда дамыта түседі», – деді «ҚазжолҒЗИ» жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар бөлімінің басшысы, PhD Салтанат Ашимова.

Жұмыстар 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар конкурсының нәтижесі бойынша алынған грант аясында жүргізілуде. Зерттеу асфальтбетонды регенерациялауға арналған жасартқыш құрамды пайдалану арқылы жол құрылысына «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған. Жобаны іске асыру Қазақстанның климаттық және пайдалану жағдайларына бейімделген экологиялық таза, отандық құрамды әзірлеуге мүмкіндік береді. Оның енгізілуі жол жамылғыларының сапасы мен беріктігін арттыруға, сондай-ақ саланың айналмалы цикл қағидаттарын дамытуға жол ашады.

Жоба «жасыл» инновацияларды дамытуға және Қазақстанның орнықты әрі экологиялық жауапты экономикаға көшу үдерісіндегі рөлін күшейтуге бағытталған.

Дереккөз: https://qazjolgzi.kz/kz/novost/aldysyz-zholdar-azzholzi-asfaltty-alpyna-keltirudi-ekologiyaly-tehnologiyalaryn-zirleudi-bastady
Фото: Qazjolgzi.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар