“Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталық” ғалымдары Орталық Қазақстанның жоғары күл көмірінен және марганец қожынан алынған төмен фосфорлы қайта өңделген ферросиликомарганецті пайдалана отырып, орташа көміртекті ферромарганецті балқытудың ресурс үнемдейтін технологиясын әзірледі.
Қазіргі уақытта Қазақстан ферросиликомарганец пен рафинирленген ферромарганецті негізінен Ресей, Украина және Қытайдан импорттайды. Алайда 2022 жылғы валюта бағамдарының құбылуы және геосаяси жағдай импортты қиындатты. Сол себепті төменфосфорлы ферросиликомарганец пен орташа көміртекті ферромарганецті балқытуға арналған ресурсты тиімді пайдаланатын технологияны әзірлеу — өзекті міндет болып отыр. Мұндай өндірістерді ел аумағында құру металлургиялық және тау-кен кәсіпорындарында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Алынатын орташа көміртекті ферромарганец импорттық баламаларды алмастырып, шетелдік импортқа тәуелділікті төмендетеді және өнеркәсіпті жергілікті ресурстарға қайта бағдарлауға жағдай жасайды.
Ғылыми жобаның нәтижелері төмендегідей:
- 0,2 МВА қуатты руда-термиялық пеште үйінді марганец қожы мен жоғары күлді көмірден қайта өңдеуге арналған ферросиликомарганец өндіру технологиясы әзірленіп, сынақтан өткізілді. Орташа химиялық құрамы мынадай тәжірибелік партия алынған, %: Mn – 69–73; Si – 19–23; C – 1,3–2,5; P – 0,04–0,06; қалғаны – темір. Сынақ актісі жасалып, технологиялық регламент дайындалды.
- Алынған қайта өңделетін ферросиликомарганецті пайдалана отырып, орташа көміртекті ферромарганец балқыту технологиясы зерттеліп, пысықталды. Тәжірибелік сынақтар 0,25 МВА қуатты екі электродты электрдоғалы пеште жүргізілді. Алынған орташа көміртекті ферромарганецтің орташа химиялық құрамы, %: Mn – 84–85; Fe – 10–11; Si – 1,8–2,4; S – 0,01–0,03; P – 0,05–0,11; C – 1,8–2,2.
- Салмағы 0,5 тоннадан асатын орташа көміртекті ферромарганецтің тәжірибелік партиясы алынды. Қайта өңделетін ферросиликомарганецті пайдалана отырып, 0,25 МВА қуатты электрдоғалы пеште орташа көміртекті ферромарганецті балқыту бойынша сынақ актісі жасалып, технологиялық регламент әзірленді.
Алынған нәтижелер орташа көміртекті ферромарганецті балқыту үшін бастапқы шихта материалы ретінде алдын ала байыту жүргізбестен, үйінді марганец қожы мен жоғары күлді көмірден алынған қайта өңделетін ферросиликомарганецті қолдануға мүмкіндік береді. Бұл марганецтің кешенді (сквозное) алынуын арттырады. Жоғары күлді көмірді пайдалану сонымен қатар өнімнің өзіндік құнын едәуір төмендетуге ықпал етеді.
Ғылыми жоба: AP14972750 “Қайта өңделген ферросиликомарганец пен төмен сапалы марганец кендерін пайдалана отырып, орташа көміртекті ферромарганецті балқытуға арналған ресурс үнемдейтін технология әзірлеу”.
Жетекшісі: Е.Н. Махамбетов, PhD